Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова өмірден өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында Кәмшат Дөненбаева апасынан кейін қазақ қыздарына техника тізгіндеуге үндеу тастап, қаршадайынан еңбекке араласқан Қарқаралының қайсар қызы, Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова 17 сәуірде 72 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Нұрбақыт Қабдыкәрімова 1948 жылы 3 қарашада Қарқаралы ауданы, қазіргі Мартбек Мамыраев атындағы ауылда дүниеге келген. Еңбек жолын 1966 жылы туған ауылында қарапайым жұмыскер болып бастайды. Шопанның көмекшісі, кейін механизаторлар курсын бітіріп, техника тізгінін ұстаған. Жастайынан "МТЗ", "Т-4" тракторларын тақымдаған еңбекқор қыз "К-700" алып тракторына да алғашқылардың бірі болып бас білдірген.
Адал еңбегімен өмірлік бақытын еселеген майталман 1972 жылы Ленин орденімен марапатталды. БЛКЖО-ның, Қазақстан ЛКЖО-ның бірнеше съезіне делегат болып қатысып, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестің, ал, 1975 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі 1982 жылы мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Омырауында екінші Ленин ордені мен "Орақ пен Балға" Алтын Жұлдызы жарқыраған батыр қыз Тәуелсіздік жылдарында да талай жастарға тәлімгер болып, жас Қазақстан мемлекетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.
"Қарқаралының Кәмшаты", "Дархан даланың Дарабозы" атанған Нұрбақыт Қабдыкәрімқызының қазасын барша қарағандылықтар қабырғасы қайыса қабылдап, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты.
Ол зейнет демалысына шыққанша ауыр еңбектен қол үзген жоқ. Өз есіміне сай, өмірдің нұрын да, бақытын да адал еңбектен тапты. Еңбегімен ер атанды. Нұрбақыт Қабдыкәрімованың өнегелі өмір жолы -- жас ұрпаққа үлгі. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады - делінген облыс әкімінің көңіл айтуында.