31 Қазан 2026, 17:51 Фото: ҚР ҰОК

Дзюдошы Сұпығалиева мен волейболшы Ағабек Дакарда Қазақстан құрамасының туын алып шығады

IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын 11 спорт түрінен 18 спортшы қорғайды.

Дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен жағажай волейболының өкілі Әлихан Ағабек Сенегалдың Дакар қаласында өтетін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның туын алып шығады.

Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. 2026 жылы ол кадеттер арасындағы әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ спортшының еншісінде 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының алтын медалі бар.

Әлихан Ағабек жағажай волейболынан Оразалы Сағынышпен бірге сынға түседі. Былтыр қазақстандық жұп Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, 2026 жылы спортшылар 18 жасқа дейінгі қатысушылар арасындағы әлем чемпионатының 1/16 финалына дейін жетті.

Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан атынан барлығы 11 спорт түрінен 18 спортшы өнер көрсетеді.

Биыл жарысқа қатысушыларды іріктеу тәртібі өзгерді. Бұған дейінгі жасөспірімдер Олимпиадаларынан айырмашылығы, бұл жолы жолдама алу үшін арнайы іріктеу турнирлері өткізілмейді. Олимпиадалық квоталарды Халықаралық Олимпиада комитеті мен халықаралық спорт федерациялары белгіленген қатысу талаптарына сәйкес бөледі.

IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 2026 жылғы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Дакар Африка құрлығында Олимпиада ойындарын қабылдайтын алғашқы қала болмақ.