Дзюдодан әлем чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталды

Бүгін әлем чемпионатында үш қазақстандық спортшы өнер көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ерлер арасында Жансай Смағұлов пен Данияр Шамшаев (73 кг), әйелдер бәсекесінде Бақыт Құсақбаева (57 кг) күресті.

Бақыт Құсақбаева мен Жансай Смағұлов бірінші айналымда сүрінді. Құсақбаева жаңа зеландиялық Кона Кристиден таза ұтылса, Смағұлов бейтарап тудың астында өнер көрсетіп жатқан ресейлік Махмадбек Махмадбековке «вазари» ұпайымен жеңілді.

Бұл менің бесінші әлем чемпионатым. Осы спортшыдан екінші рет жеңіліп отырмын. Бүгін менің қателігімнен қарсыласым «вазари» ұпайын алып, басымдықты белдесу соңына дейін ұстап қалды, - деді Жансай Смағұлов. 

Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов те өз пікірін білдірді.

Ұлттық құрамада Сметов, Смағұлов, Қырғызбаев сияқты тәжірибелі спортшылар болу керек. Оларға қарап жастар өседі, тәжірибе алмасады. Сондықтан, біз бұрыннан келе жатқан жігіттерге әлі де үміт артамыз. Олимпиадаға бір жылдан астам уақыт қалды, - деді Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Данияр Шамшаев бірінші белдесуде Түркия елінің өкілі Умалт Демирельден басым түсті. Ал екінші айналымда 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Европа чемпионы (66 кг) - италиялық Мануэль Ломбардоға есе жіберді.

10 мамыр күні татамиге 2 спортшымыз шығады. Эсмигүл Куюлова (63 кг) мен Абылайхан Жұбаназар (81 кг) қорғайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Өзгелердің жаңалығы