24 Тамыз 2026, 07:48 Фото: Туризм және спорт министрлігі

Дзюдодан әлем чемпионаты: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тарихи нәтиже көрсетті

Ұлттық құрама аралас командалық жарыста алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетті. Ұлттық құрама аралас командалық жарыста алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Қазақстандық дзюдошылар жекелей сындарда да рекордтық нәтиже көрсетіп, 3 алтын, 3 күміс және 4 қола – барлығы 10 медаль жеңіп алды. Ұлдар құрамасы командалық есепте бірінші, қыздар екінші орынға ие болды.

Сонымен қатар Фатима Супығалиева жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл нәтиже спортшыларды даярлаудың жаңартылған жүйесі аясындағы жұмыстың жемісі. Париж Олимпиадасынан кейін жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамаларды даярлауды бірыңғай әдістемеге біріктіру қолға алынған. Отандық бапкерлер Эцио Гамба бастаған шетелдік мамандармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

«Біз біртұтас даярлық жүйесін қалыптастырып жатырмыз: жасөспірімдер – жастар – ұлттық құрама – Олимпиада ойындары. Командалық алтын мен жекелей жарыстардағы рекордтық он медаль – жаңа жүйенің тиімді жұмыс істеп жатқанының нақты дәлелі. Ендігі міндетіміз – осы тәжірибені басқа спорт түрлеріне кезең-кезеңімен енгізу», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Жаңа модель спортшылардың жаттығу үдерісін ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жеке жоспарлау, спорттық медицина және қалпына келтіру жұмыстарын қамтиды.

Министрлік мұндай тәсілді алдағы уақытта бокс, күрес, семсерлесу және басқа да спорт түрлеріне жүйелі түрде енгізуді жоспарлап отыр.