10 Қазан 2026, 21:17 Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Дзюдодан 2027 жылғы әлем чемпионатының туы Қазақстанға табысталды

Дзюдодан келесі әлем чемпионаты 2027 жылғы 7-14 маусым аралығында Астанада өтеді.

Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады. Салтанатты рәсім Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды.

Рәсім барысында Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли әлем чемпионатының туын Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қайтарды. Кейін IJF бас хатшысы Лиза Аллан туды Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке табыстады.

Дзюдодан келесі әлем чемпионаты 2027 жылғы 7-14 маусым аралығында Астанада өтеді. Бұл жарыс 2028 жылы Лос-Анджелесте ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі маңызды додалардың бірі болмақ. Әлемнің үздік дзюдошылары Олимпиада рейтингінде қажетті ұпай жинау үшін белдеседі.

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев әлем чемпионатына дайындық кезінде жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға және ұлттық құраманың дайындығына басымдық берілетінін айтты.

«Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – халықаралық спорт қауымдастығының елімізге білдірген сенімінің көрінісі. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – жарысты Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай өткізу және ұлттық құраманың дайындығын қамтамасыз ету. Үйде, жанкүйерлер алдында белдесу спортшыларымыз үшін маңызды сынақ болмақ. Сондықтан олардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және ел намысын абыроймен қорғауы үшін қажетті жағдай жасауға көңіл бөлеміз. Алдағы чемпионат елдегі дзюдоның дамуына тағы да үлкен серпін береді деп сенеміз», – деді Қуанышбек Есекеев.

Осылайша, дзюдодан әлем чемпионаты 12 жыл үзілістен кейін Қазақстанда қайта өтеді. Бұған дейін 2015 жылы Астанада әлем біріншілігі ұйымдастырылған болатын.

Сондай-ақ 2023–2026 жылдары Қазақстан Халықаралық дзюдо федерациясының ресми күнтізбесіне енген Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін жыл сайын өткізді. Бұл жарыс Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Қазақстанда халықаралық деңгейдегі жарыстардың тұрақты өткізілуі елдің әлемдік дзюдо аренасындағы орнын нығайтып, ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан өкілі Шерзод Давлатов (60 келіге дейін) финалға шығып, күміс жүлдегер атанды.