Джей Ло Астанада: Қазақстанды таңғалдырған ғаламат шоу
5 сағат бұрын кезекке тұрғандар, мыңдаған жанкүйер, жүздеген автобус, шексіз эмоциялар және бір ғана жұлдыз – Дженнифер Лопес. Астана алғаш рет әлемдік деңгейдегі поп-мәдениет жұлдызын қарсы алды. Бұл – Қазақстан есінде ұзақ сақталатын шоу болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Таңертеңнен бастап Astana Arena алдына жанкүйерлер жинала бастады. Кейбіреулер таңғы 10-да келіп, сахнаға жақын тұру үшін орын алды.
Мыңдаған адам жиналғанына қарамастан, кіреберісте тәртіп сақталды – жұртшылық мәдениеттілік танытты.
Көлік қозғалысы мінсіз ұйымдастырылды
Концертке көлік қозғалысы өте жақсы ұйымдастырылды: арнайы автобустар, кең тұрақтар мен такси үшін ыңғайлы жағдайлар жасалды. Көрермендер үшін аренаның өзіне дейін жүретін арнайы шаттлдар ұйымдастырылды. Таксимен немесе жеке көлікпен жүргендер оңай тұрақтады – кептелістер болмады. Аренаның жанында кең автотұрақтар жұмыс істеді.
Халықаралық өнерсүйер қауым
Қаланың әр түкпірінен және тіпті шет елдерден – Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, АҚШ-тан көрермендер келді.
Жанкүйерлер елдің түкпір-түкпірінен, тіпті шет елдерден келді. Қонақтардың арасында Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, сондай-ақ АҚШ-тан арнайы келген көрермендер болды. Солардың бірі – Константин Дарымов өз әсерімен бөлісті.
Мен Қазақстанға алғаш рет ұштым. Мен турды оператордан сатып алдым-оған ұшу, тұру және концерт билеті кірді. Барлығы өте нақты және логикалық түрде ұйымдастырылған. Маған ел ұнайды, Астана ұнайды. Ең бастысы-мен осында болғаныма қуаныштымын және Дж. Лоның өнерін асыға күтемін, - деді Константин Дарымов.
Секторлар бойынша кіру
Сағат 17:30-да арена есіктері ашылды. Әр секторға бөлек кіру ұйымдастырылған, сондықтан көпшілік емін-еркін ішке енді. Кезекте тұрып әңгімелесіп, танысып, көңіл күй бөліскен жұрт шоу басталмай жатып-ақ мерекелік атмосфераға бөленді.
Кешке дейін жергілікті диджейлер сахнада өнер көрсетті. Азық-түлік аймақтарында бургерден бастап, шығыс тағамдарына дейін ұсынылды. Адамдар суретке түсіп, тамақтанып, Джей Ло-ның шығуын тағатсыздана күтті.
20:00-де арена толықтай лық толды – 26 мыңнан астам адам, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі көрермендер де болды.
20:30 – Джей Ло сахнада!
Алтын түсті костюм киген Лопес алғашқы әні – On The Floor-мен сахнаға шыққанда көрермендер толқыны дүркіреді. Шоу басталды!
Әлемдік жұлдыздың сүйікті хиттері орындалды
Ол сүйікті хит әндерін орындады: Ain’t Your Mama, Let’s Get Loud, Love Don’t Cost a Thing, If You Had My Love, Get Right және ерекше ықыласпен қарсы алынған Jenny from the Block. Ән айтумен шектелмей, залмен сөйлесіп, гүл қабылдап, жылы сөздер айтты: "Сендер ғажапсыңдар, Қазақстан!"
Концерт екі сағатқа жуық жалғасты. Қоштасарда Лопес сахнадан түсіп, бірнеше көрерменді құшақтап, елмен қош айтысты.
Концерттен кейін жұрт хаоссыз тарқасты
Шығу да ұйымшылдықпен өтті: бір бөлігі жаяу, бір бөлігі шаттлмен кетті. Автобустардың ішінде де ән жалғасын тапты – Dance Again барлық жерде шырқалды. Полиция мен волонтерлер қауіпсіздік пен бағыт беруге көмектесті.
Бұл керемет шоу болды. Барлығы ойластырылған. Билет құнына лайық. Джей Ло-ның жанды дауысы, биі, энергиясы – жоғары деңгейде! - деді фан-аймақтан көрермен Айғаным Асылбек.
Бұл жай ғана концерт емес, сондай-ақ сынақ болды. Ал Астана одан өтті. Дженнифер Лопес – елордада өнер көрсеткен алғашқы әлемдік деңгейдегі әнші. Көрермендер де, ұйымдастырушылар да Қазақстанның әлемдік жұлдыздарды қабылдауға дайын екенін дәлелдеді. Қауіпсіздік, логистика, сахна, көрермендер – бәрі жұмыс істеді. Демек, бұл тек бастамасы.
Еске салсақ, америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні Қазақстан астанасына ұшып келді. 1 тамыз күні әлемдік жұлдыздың концертінде көрермен назарына бұрыннан таныс кейіпкер – Тазабек есімді алып қуыршақты ілікті.
Бұған дейін Дженнифер Лопестің Қазақстанда өтетін концертіне қанша турист келетіні туралы да жаздық.
Белгілі болғандай, Jennifer Lopez Астанадағы концерттен соң Ташкентте өнер көрсетеді. Концерт 7 тамыз күні "Бунёдкор" стадионында өтеді.
Содан кейін жаһандық жұлдыз 10 тамызда Алматыда концерт береді. Еліміздің оңтүстік астанасында өтетін Дженнифер Лопестің концерті Қазақстан экономикасына 5 млрд теңге пайда әкеледі деп жоспарланып отыр.
Қазақстанға Дженнифер Лопестен соң іле-шала әлемдік супержұлдыз Шакира келіп концерт қоюы мүмкін. Бұл туралы "Астана Концерттің" продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеді.