Дженнифер Лопестің концертіндегі төбелес: Астанада полицейдің жұбайына сот үкімі шықты

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Дженнифер Лопестің концерті кезінде бұзақылық әрекеттер жасаған К. есімді азаматшаға қатысты істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы 1 тамыз күні шамамен сағат 21:00-де әйел «Астана Арена» стадионында көрермен ретінде болған. Ол өзін арандатушылық әрі агрессивті ұстап, айналасындағыларды итеріп, басқа келушілерге қолайсыздық тудырған. Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланған.

К. есімді азаматшаның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ оқиға орнынан алынған бейнежазбамен дәлелденді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуды немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді. Алайда сот әйелдің бес баласы барын, олардың ішінде кәмелет жасқа толмаған балалар бар екенін ескерді. Осыған байланысты ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес, оған әкімшілік қамау қолданылмайды, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Істі қарау қорытындысы бойынша К. есімді азаматша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады, бұл 78 640 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы