Дженнифер Лопеске күзетші дүкенге кіруге рұқсат бермеген
Әлемге әйгілі америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес дүйсенбі күні Ыстамбұлда күтпеген жағдайға тап болды – Chanel дүкені оған бутиктің адамға толы екенін сылтауратып, ішке кіруге рұқсат бермеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Тurkiye today басылымына сілтеме жасап.
Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Лопес концерт алдындағы күні Стамбұлдың ең беделді сауда орындарының бірі саналатын Istinye Park сауда орталығына барған. Сол жерде күзетші оны Chanel бутикінің ішіне кіргізбей қойған. Айтыла кеткенде, Дженнифер Лопес бұл жағдайға сабырмен қарап:
Жақсы, ештеңе етпейді, – деп жауап беріп, үнсіз кетіп қалған.
Дженнифер Лопестің бірнеше сағаттық шопингі
Кейінірек Chanel дүкенінің қызметкерлері әншіге қайта хабарласып, ішке кіруге шақырғанымен, Лопес бұл ұсыныстан бас тартқан, деп жазады іскерлік бағыттағы Patronlardunyasi.com порталы.
Chanel дүкеніндегі тосын жағдайға қарамастан, Лопес Celine және Beymen сынды көршілес люкс брендтердің бутиктерінде шамамен үш сағаттай уақыт өткізіп, ондаған мың доллар көлемінде сауда жасаған. Бұл туралы оның сапарына жақын дереккөздер хабарлаған.
Дженнифер Лопестің Ыстамбұлдағы шоуына ауқымды дайындық жүргізілді
Дженнифер Лопестің Ыстамбұлдағы концерті биыл Түркияда өтетін ең ірі шаралардың бірі болады деп күтілуде. Арнайы осы шоу үшін жасалған сахна Ыстамбұлдың тарихи жеті төбесінен шабыт алған және толықтай Түркияда құрастырылған.
Ұзындығы 72 метр болатын сахна 70 жүк көлігімен жеткізілген материалдардан жасалған. Онда 800 жарық құрылғысы, 184 динамик және 20 000 пиксельді LED-экран орнатылған. Бұл күрделі техникалық жүйемен 187 маман жұмыс істесе, бүкіл шараның үзіліссіз өтуіне 1500 адамнан тұратын бөлек команда жауапты.
"Up All Night: Live in 2025" турының Ыстамбұлдағы кезеңі Түркияның түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден жанкүйерлерді тартуы мүмкін. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, концерт билеттері толық дерлік сатылып кеткен.
Еске салсақ, америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні Қазақстан астанасына ұшып келді. 1 тамыз күні әлемдік жұлдыздың концертінде көрермен назарына бұрыннан таныс кейіпкер – Тазабек есімді алып қуыршақты ілікті.
Астанада аты әлемге жайылған әнші Джей Ло берген концерт Қазақстанды таңғалдырған ғаламат шоу болды. Аталған концерт жайлы жазған шолуымызды мына жерден оқи аласыз.
Бұған дейін Дженнифер Лопестің Қазақстанда өтетін концертіне қанша турист келетіні туралы да жаздық.
Белгілі болғандай, Jennifer Lopez Астанадағы концерттен соң Ташкентте өнер көрсетеді. Концерт 7 тамыз күні "Бунёдкор" стадионында өтеді.
Содан кейін жаһандық жұлдыз 10 тамызда Алматыда концерт береді. Еліміздің оңтүстік астанасында өтетін Дженнифер Лопестің концерті Қазақстан экономикасына 5 млрд теңге пайда әкеледі деп жоспарланып отыр.
Қазақстанға Дженнифер Лопестен соң іле-шала әлемдік супержұлдыз Шакира келіп концерт қоюы мүмкін. Бұл туралы "Астана Концерттің" продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеді.