Джеки Чан жаңа блокбастерін Қазақстанда түсіреді
Әлемдік жұлдыз Джеки Чан мен «Құдайдың сауыттары: Ультиматум» фильмінің режиссёры Роберт Кун өздерінің жаңа ауқымды кинотуындысын түсіру үшін Маңғыстау өңірін негізгі локация ретінде ресми түрде бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ өңірлік Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Сапар барысында киножоба өкілдері өңірдің табиғи және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысып, ондаған әлеуетті түсірілім алаңдарын аралады, сондай-ақ негізгі табиғи нысандарға жан-жақты шолу жүргізді.
Ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде Маңғыстау өңірі ерекше ландшафттары, ауқымды панорамалары және табиғи бірегейлігі үшін «Құдайдың сауыттары» фильмін түсіру орны ретінде таңдалды.
Аңызға айналған фильмнің Маңғыстауда түсірілуі Қазақстанның киноиндустриясы үшін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Жобаның жүзеге асуы Қазақстанның халықаралық кинематографиялық картадағы орнын нығайтуға, өңірге инвестиция тартуға, сондай-ақ креативті индустриялар мен облыстың туристік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, осындай деңгейдегі халықаралық кино командасының жобаға қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға, жергілікті мамандарды тартуға және Маңғыстаудың табиғи әрі мәдени мұрасын әлемдік аудиторияға кеңінен танытуға қосымша мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыруға қатысты дайындық және ұйымдастыру жұмыстары белгіленген тәртіппен жалғасын табады.