Джакартада Қазақстан-Индонезия достық қоғамы құрылды
Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени-гуманитарлық, ғылыми-білім беру және іскерлік байланыстарды нығайту, халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдету мақсатында Индонезияның Ұлттық кітапханасында Қазақстан-Индонезия достық қоғамын құруға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыртқы саяси ведомствоның мәліметінше, салтанатты іс-шараға Индонезияның мемлекеттік органдарының, қоғамдық-саяси, академиялық және сарапшылық топтарының, сондай-ақ бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
ҚР елшісі Сержан Әбдікәрімов өз сөзінде Қоғам мүшелеріне қазақ-индонезиялық серіктестікті дамытудағы жетістіктер мен табыстар, еліміздің тарихындағы маңызды оқиғалар мен даталар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы кеңінен айтып берді. Қазақ дипломаты Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған зор әлеует пен қолайлы мүмкіндіктердің бар екенін атап өтті.
Астанадағы Индонезия елшісі Фаджрул Рахман өз бейнеқұттықтауында қонақтарды Достық қоғамының құрылуымен құттықтап, оның қызметі екі ел арасындағы дипломатиялық, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта түсетініне сенім білдірді.
Кездесуге қатысушылар Индонезия халқы атынан Қазақстан халқын Республика күнімен шын жүректен құттықтап, екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды оқиға болып саналатын Достық қоғамының құрылуының маңыздылығын атап өтті. Қоғам мүшелері Қазақстанның жан-жақты жаңғыру және әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне жоғары баға беріп, өзара қызығушылық тудыратын салаларда нақты жұмыс бағыттарын ұсынды.