Джакартада Азия кеңесі мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастық талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Индонезиядағы елшісі Данияр Сарекенов пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) Бас хатшысы Лим Джок Хой Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) пен АСЕАН арасында ынтымақтастық орнату перспективаларын талқылады.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат жоғары лауазымды халықаралық ұйымның басшысына Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отырған Азия кеңесінің VI Саммитіне шақыруын табыс етті.
Лим Джок Хой Қазақстанның Үкіметіне Саммитке шақырғаны үшін жылы алғысын білдіріп, Азия құрлығындағы бейбітшілікті, ынтымақтастықты және дамуды қолдау мақсатында диалог құруға бағытталған күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
АСЕАН мақсаттары мен міндеттері Азия кеңесінің миссиясымен үндесетін өңірлік үкіметаралық ұйым болып табылады. Қауымдастыққа мүше 10 елдің ішінен Вьетнам, Камбоджа және Таиланд Азия кеңесіне қатысушы, ал Индонезия, Лаос, Малайзия және Филиппиндер бақылаушы мәртебесіне ие.