Дүйсенова жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес өткізді

Тамара Дүйсенова әкімдіктермен жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бейнеконференц байланыс режимінде облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен өңірлік жұмыспен қамту карталарын іске асыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Іс-шараға министрліктің өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты.

Өңірлік жұмыспен қамту карталарын іске асыру бойынша ағымдағы жағдай туралы ҚР Еңбекмині Жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов хабарлады. Ол 2023 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталарын іске асыру шеңберінде республика бойынша 947 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделгенін хабарлады. 10 сәуірдегі жағдай бойынша 235,5 мың адам, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде және субсидияланатын жұмыс орындарына – 117 мың адам, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 63,2 мың адам, жұмыс берушілерден бос жұмыс орындарына – 55,3 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Тамара Дүйсенова жиналысқа қатысушылар назарын құрылатын жұмыс орындарының сапасы мен уақтылығына аударды.

Азаматтарды жұмысқа орналастыру мониторингі жұмыскерлер үшін міндетті зейнетақы жарналары мен Электрондық еңбек биржасы жүйесінде ресімделген электрондық еңбек шарттарының бар-жоғын тексеру арқылы жүзеге асырылатынын білесіз. Бұл көрсеткіштер төмен өңірлер де бар. Мұны түзету керек. Бүгінгі таңда тек 720 жоба бойынша бос жұмыс орындары жарияланды. Бұл ретте республика бойынша жылдық жоспар 4589 жобаны құрайды. Барлығы жұмысты жандандыруы керек.Жұмыс берушілер бос орындарға жұмысқа орналасуға ерекше назар аудару қажет, бұл ретте тұрақты жұмысқа да мән беру керек. Бос орындар көп, мұны Электрондық еңбек биржасының деректері дәлелдейді, – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Сондай-ақ, министр өңірлерде түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және жастарға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредиттер беру жөніндегі өтінімдерді қарауды жеделдетуді ұсынды.

Сондай-ақ, кеңес барысында Тамара Дүйсенова мұқтаж қазақстандықтарға атаулы әлеуметтік көмекті уақтылы ұсыну және мүгедектігі бар адамдарды сапалы техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Мүгедектігі бар адамдардан жеткізушілердің креслолар-арбалар, протездер, аяқ киім және басқа да оңалту құралдарын сапалы ұсынбауы туралы шағымдар бар. Барлық тауарлар мүгедектігі бар азаматтардың қажетті стандарттары мен жеке қажеттіліктеріне сәйкес келуі керек. Барлық өңірлер оңалту құралдары мен қызметтерін уақтылы және сапалы ұсынуды қамтамасыз ету үшін жергілікті жерлерде жеткізушілермен жұмыс істеуі қажет, – деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы