Дүйсенова Түркияның Бас омбудсмені Малкочпен кездесу өткізді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркия Республикасының Бас омбудсмені Шереф Малкочпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов,  ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Айнұр Әбдірахманова,  Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы басшысының орынбасары Әмір Омаров және осы ұйымның басқа да өкілдері қатысты. 

Түркия делегациясын халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Гүлиз Атеш, сондай-ақ Омбудсмен институты аппаратының басшысы Вейсель Ширин ұсынды.

Кездесу адам құқықтарын қорғау бойынша одан әрі тәжірибе алмасу үшін өзара іс-қимыл орнату мақсатында өтті.

Тамара Дүйсенова кездесу сипаты  Президентің ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында ерекше өзектілікке ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Президент жанындағы тиісті омбудсмен институты құрылады. Түркия Республикасының ЭЫДҰ-ға мүше ел ретіндегі тәжірибесі біз үшін де пайдалы, – деді ол.

Өз кезегінде Шереф Малкоч Қазақстанның Түркияның сыртқы саясатында маңызды орын алатынын атап өтті.

Қазақстан мен Түркия бауырлас елдер, біздің халықтарымыздың ортақ тамыры ежелгі дәуірден бастау алады. Біз көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері бойынша мүдделіміз, – деді ол.

Түркиядағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты 2012 жылы мемлекеттік қызметтердің жұмыс істеу жүйесінде шағымдарды қараудың тәуелсіз және тиімді тетігі ретінде құрылды. Бас омбудсмен өз атына жіберілген шағымдарды қарайды және тексереді және басқару органдарына ұсыныстар береді.

Тараптар Омбудсмендік институтын одан әрі дамыту перспективаларын, электрондық өтініштер жүйесін дамытуды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелеріндегі әлеуметтік желілердің рөлін талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы