Дүйсенова «Отандастар қоры» өкілдерімен кездесті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында «Отандастар Қорының» басшысы ұйымның жұмысымен таныстырып, атқарып жатқан жобаларымен бөлісті. «Отандастар Қоры» – шетелде тұратын отандастардың және Қазақтан Республикасына көшіп келген қандастарға қолдау көрсететін ұйым.
Сапарбекұлының айтуынша, бүгінгі күні қор шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау үшін түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, қазақ тілін үйрету мен білім беру саласын дамыту, отандастарға ақпараттық қолдау көрсету бойынша көптеген істер атқаруда.
Жыл сайын Қазақстанға мыңдаған қандастар қоныс аударып келуде. Еңбек және халықты әлеуеттік қорғау министрлігі тарапынан көшіп келген қандастарға белсенді мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Қандастарға қоныс аударуға, тұрғын үйді жалға алуға субсидия беріліп, сонымен қатар жұмыспен қамту және басқа да көмектер қарастырылған.
Тамара Дүйсенова этникалық қазақтарды қолдау мақсатында |Министрлік «Қазақ картасы» жобасын бастағаны жөнінде атап өтті. Жоба аясында кез келген елдегі этникалық қазаққа Қазақстанда өзінің кәсібін ашуға және өз азаматтығын сақтауға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, 10 жылға дейін уақытша тұруға виза беру қарастырылған.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Қазақстанға 11 165 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 99,1 мың этникалық қазақ қоныс аударды.