Дүйсенова елімізідің ірі жұмыс берушілерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Тараптар еңбек қатынастары саласындағы бірқатар маңызды мәселені талқылап, алдағы уақытта мемлекеттік орган және бизнес қауымдастық арасындағы өзара байланысты дамытуға қатысты позициялар жөнінде келісімге келді.  

Кездесуді ұйымдастыру жөніндегі бастаманы Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец көтерді. Іс-шараға «Кazakhmys Holding» ЖШС Директорлар Кеңесінің Төрағасы Эдуард Огай, «Казцинк» ЖШС Бас директоры Александр Хмелёв, «Евразийская Группа»  ЖШС Басқарма Төрағасы Серік Шахажанов, «KAZ Minerals Management» ЖШС Басқарма Төрағасы Эльдар Мамедов және «Верный капитал» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Марлен Мырзабеков қатысты.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасында көзделген түзетулер, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төленетін жәрдемақыны көбейту, экономикалық қызмет түрлерін кәсіптік тәуекел санаттарына жатқызу мәселелері талқыланды.      

Ірі бизнес өкілдерінің әр мәселе бойынша позициясын тыңдаған соң Тамара Дүйсенова отандық кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және зиянды, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің санын азайту арқылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту еңбек саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.   

«Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды біріктіреді. Олардағы өндірістік жарақат пен кәсіптік ауруларды азайту үшін көп күш салу қажет.  

Қазіргі таңда мемлекеттік саясат еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекті қорғауды басқару жүйесін реформалауға қатысты бірқатар шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр.  Оның ішінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге жеңілдік пен өтемақы төлеу механизмі, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру моделі және т.б шаралар бар, - деді министр.  

 Келіссөз соңында Тамара Дүйсенова кездесуге қатысушыларға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жұмыспен қамту, жас мамандарды оқыту, жалдамалы жұмысшылардың табысын арттыру сияқты жүргізіліп жатқан жұмыс үшін алғыс айтты. Сондай-ақ министрліктің жұмысшыларға лайықты жалақы төлеу мен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы