Дүйсенова депутат Бәпидің Олимпиада комитетіне қатысты сауалына жауап берді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының алдындағы лицензиялық спорттық турнирлерге кәсіби спортшыларды апару мәселесіне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Олимпиада комитетінің жұмысын сынап, Үкіметке сауал жолдаған болатын. 

"Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаты барлық жеке адам үшін дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдігі және олардың жалпыға бірдей қолжетімділігі негізінде жүргізіледі.

ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілде және 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Олимпиада ойындарының бағдарламасында 32 спорт түрі енген. Қазақстанның құрамасы 20 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда еліміздің спортшыларында 19 лицензия бар, сонымен қатар ойындарға қатысуға ең ықтимал үміткерлер құрамы құрылды. Бұл құрамда 79 спортшы ұсынылды. Олимпиада ойындарының алдында құрама командалар 5 лицензиялық Әлем чемпионатында, 7 Азия чемпионатында, 16 Әлемдік және Азиялық біліктілік турнирлерінде, 50-ден астам Әлемдік рейтингтік турнирлерге қатысуды жоспарлап отыр, - делінген Дүйсенованың ресми жауабында.

Үкімет депутаттың ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару туралы ұсынысын қолдады.

Тамара Дүйсенова депутаттың спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою мәселесіне қатысты айтқанына пікір білдірді.

Мемлекет басшысы ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесу қорытындысы бойынша спорт федерацияларының қызметіне тексеру жүргізуді тапсырды. Осыған орай, Туризм және спорт министрлігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында 2023 жылдың 19 қазанында №268 “Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы” бірлескен бұйрық бекітілді.

2023 жылдың қазан айынан бастап бұйрыққа сәйкес спорт саласы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талдау шеңберінде, агенттік Спортты қолдау қорының, федерациялардың, өңірлердегі Дене шынықтыру және спорт басқармаларының, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне және министрлікке бағынысты ұйымдардың қаржыландырылуы бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Бас прокуратураның бастамасымен Үкімет Қаржы министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға Спорт федерацияларының мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалануының заңдылығын тексеруді тапсырды. Мәселені жүйелі шешу үшін Үкімет спорт федерацияларының қызметін трансформациялау көзделген заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске жолдады. Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамы бойынша мәселені 26 ақпанда Ұлттық Олимпиадалық комитетінің отырысында талқылау жоспарланып отыр, - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенттігіне боксшы Геннадий Головкиннің кандидатурасы ұсынылғанын жазған едік. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы