Душанбеде Қазақстан – Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының XVI отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Душанбеде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының XVI отырысы өтті.
Премьер-министр орынбасары Роман Скляр экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының XVI отырысына қатысу үшін қазақстандық делегацияны басқарды.
Отырысқа министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ екі тараптың тиісті ұйымдарының шақырылған өкілдері қатысты.
Сапар аясында Роман Скляр Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті, онда сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және құрылыс салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды, - делінген хабарламада.
Роман Скляр мен Комиссияның тең төрағасы – Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Давлатали Саидтың кездесуінде екі елдің ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика және су ресурстары, көлік және азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимыл тақырыптары көрініс тапты.
Сондай-ақ 2019 жылғы сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен комиссияның XV отырысының шешімдерін іске асыру барысы қаралды. Комиссия отырысында Қазақстан – Тәжікстан өзара іс-қимылының негізгі бағыттары бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сөз сөйледі.
Кездесуге қатысушылар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту және өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру бойынша бірлескен күш-жігердің нәтижелілігін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыру туралы хаттамаға қол қойылды.