14 Шілде 2026, 14:17 Фото: epetition.kz

"Дұрыс емес шешім" – эколог Алматыдағы арықтардың бетонмен жабылуына қарсы шықты

Эколог маман арықтарды бетонмен жабудың салдары туралы айтты.

Алматыда әкімдік арық жүйелерін бетон плиталармен жаба бастады. Тұрғындар әкімдіктің бұл бастамасына наразы. Олар ашық арықтарды бетонмен жауып, жер асты қораптарына айналдыру мегаполистің қауіпсіздігіне, экологиясына және тарихи келбетіне кері әсер етеді деп есептейді. BAQ.KZ тілшісі бұл мәселеге қатысты “Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының” төрайымы Лаура Маликовамен сұхбаттасып, әкімдіктің бұл шешімі қаншалық дұрыс не бұрыс екенін анықтады. 

Лаура Маликова Алматыдағы арықтарды бетон плиталармен жабу экологиялық тұрғыда дұрыс емес шешім екенін бірден айтты.

Себебі Алматының географиялық орналасқан жері жоғарыдан төмен қарай, таулы аймақ. Сондықтан көктемде, жаңбыр жауған кезеңде, қар еруінен жиналған су көлемі арықтар арқылы ағып өтуі керек. Қалада жиналған суды жинайтын жүйені жасап шығарып, сол үшін арықтарды жапса, ол бөлек нәрсе. Бірақ ондай жүйені дайындамай жатып арықтарды жауып тастау туралы шешім қабылдау ақылға қонымсыз. Ол ертеңгі күні қаланың жол бөлігінде судың көбейіп, жолаушыларға, көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызады, - дейді эколог.

Лаура Маликованың сөзінше, арықтардың жабылуы жаңбыр және еріген қар суларын ағызу жүйесіне әсер етеді. 

Себебі жаңбыр жауып, қар ерігенде пайда болатын судың жүріп өтетін “жолы” болуы керек. Кеңес одағының кезінде арық жүйесі бекер салынбаған. Бұрынғы жүйелерді алып тастау үшін оған балама ретінде жаңа жүйені дайындап алу керек, - дейді маман. 

Сонымен қатар, эколог бетонмен жабылған арықтардың жасыл желекке, әсіресе жол жиегіндегі ағаштардың тамыр жүйесіне және топырақтың ылғал алуына қандай ықпалы барын айтты. 

Арық бетонмен жабылған соң су арнасынан асады. Жолға шығады су. Мұның бәрі ағаштардың да зардап шегуіне әкелуі мүмкін, - дейді Лаура Маликова. 

Алматы үшін экологиялық тұрғыдан тиімді балама шешімдер қандай болуы мүмкін?

Экологтың сөзінше, тиімді балама шешім - урбанизация жағдайында сызықтық тазарту құрылыстарын жасау керек. 

Мысалы бұл жүйе Астанада бар. Бірақ ол климаттың өзгеруін ескерген жағдайда соның өзінде жетпей тұр. Сондықтан арық жүйесін жасағанның өзінде оны алып тастауға болмайды. Ол қосымша шешім тұруы керек, - дейді маман. 

Лаура Маликованың айтуынша, экологиялық кодекстің 87-бабына сәйкес, жауын-шашын жүйесін жасаған кезде ол міндетті түрде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуі керек. 

Ал арықтарға қатысты сарапшылармен ақылдасу керек. Бұл блогер, кәсіби білімі жоқ адамдардан сұрап қабылдайтын шешім емес. Сондықтан тәжірибелі мамандармен ақылдасу керек, - деп түйіндеді эколог. 

Еске салайық, Алматылықтар арықтардың бетін бетонмен жабуға қарсы петиция ұйымдастырған болатын.

Тұрғындардың пікірінше, жаз мезгілінде Алматының тығыз салынған аудандарында ауа температурасы тау бөктеріне қарағанда бірнеше градусқа жоғары болады. Ал таудан ағатын суы бар ашық арықтар көшелерді табиғи жолмен салқындатып, қаладағы микроклиматты жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан арықтарды бетон плиталарымен жабу бұл табиғи салқындату тетігін жояды деп санайды.

Ал Алматы әкімдігі қаладағы арық жүйесін жаңғырту аясында оның тек шамамен 15%-ы ғана жабылатынын мәлімдеді. Ведомствоның редакцияға берген мәліметінше, бетон плиталарымен жабу тек қауіпсіздік, пайдалану және кешенді абаттандыру тұрғысынан қажет болатын жекелеген учаскелерде ғана жүргізіледі.