Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күндері жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 15 қараша мен 25 қараша аралығы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күндері болып белгіленді.
Қоғам назарын аудару мақсатында қала бойынша әсіресе жастар арасында түрлі ауқымды іс-шаралар өтеді. Өтетін шараның барлығы cанитарлық-эпидемиологиялық талаптарын сақтай отырып қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Қазақ ұлттық өнер университеті және үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен бірлесіп өткізіледі.
Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату. Пандемияны тоқтату» бұл Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай ЮНЭЙДС-тің ұсынған ұраны. АИТВ алғаш анықталған күннен бері қырық жыл өтсе де әлі де жаһандық қауіптің бірі, тіпті әлемдегі басқа да пандемиялардың қозғаушы күші екенін айта келе ЮНЭЙДС, «ЖИТС-ті жою жөніндегі бірлескен міндеттемені орындауда артта қалып келеміз, бұл білімнің немесе қаражаттың жетіспеушілігі емес, АИТВ-ның алдын алу мен емдеуге келтіретін құрылымдық теңсіздік, - делінген ақпаратта.Осы теңсіздікті жою біздер үшін ұзақ мерзімді жаһандық міндеттеме. Бүгінгі таңда біз үшін аса маңыздысы АИТВ-ның адам өміріне әсері туралы ақпаратты арттыру, стигма мен кемсітушілікті жою және АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі дегенге басымдық беріп отыр әлемдік кампания. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы қосылып «АИТВ: Әрбірін түсіну» тақырыбы аясында қала тұрғындары арасында онкүндік өткізуді жоспарлауда.
Белгіленген он күн ішінде қала тұрғындары, әсіресе жастар арасында АИТВ-инфекциясын жұқтыру және алдын алу мәселелері бойынша және қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыру, барлық мүдделі тараптардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту жолымен хабардар болу, кемсітушілікті жою сияқты іс-шаралар өткізіледі.
Біз, қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығы жыл бойына қала тұрғындарымен етене жұмыс атқарамыз. Десе де бұл айтулы күндердің берері көп. Адамдардың қауіпсіздігі, сақтық шаралары, тіпті жеке бастарына қатысты стигма мен кемсітушілікті жою, барлық мұқтаж жандарды қажетті дәрі-дәрмектермен және қызметтермен қамтамасыз ету, адам құқықтары мен гендерлік теңдікке негізделген тәсілдерді пайдалану – Орталықтың басты міндетінің бірі болып табылады. Осы міндеттерімізді орындау барысында біз қоғамдық белсенділік пен ынтымақтастықты сабақтастыра отырып, АИТВ-ға шалдыққан адамдарды ақпаратпен, көрсетілетін қызметтермен, әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ете отырып оларға болашаққа деген үлкен үміт сыйлаймыз. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін жариялай отырып, біз бүкіл елді бізбен бірге дені сау қоғам құру жөніндегі күш-жігерімізді жандандыруға шақырамыз, - дейді Орталық директоры С.Абдраимов.
Аталмыш күндерге орай жоспарланған шаралар бүгіннен бастау алады.
- 17 қараша онлайн форматта әлеуметтік желілер мен ютуб каналының тікелей эфирде Қазақ ұлттық өнер университетінің классикалық камералық концерті өтеді.
-19 қараша Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасымен бірлесе отырып колледж студенттері мен жоғарғы сынып оқушыларының арасында АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша жастарға арналған форум.
- 24 қараша медицина университетінің студенттері арасында дебат өткізіледі.
Аталмыш шаралармен қатар 15 қараша мен 25 қараша аралығында қалалық ірі жоғары оқу орындарында студенттерден АИТВ-ға жедел тестілеу акциясы ұйымдастырылады. Он күн бойына орталықтағы достық кабинетінде Ашық есік күндері күнделікті өткізіледі.
Әлеуметтік желілерде үкіметтік емес ұйымдар мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен қала тұрғындарына арналған #Услышатькаждого #ӘрбірінТүсіну #toHearEveryone атты челленджі ұйымдастырылады.
Орталықта есепте тұрған АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтықтары табысталады.
25 қараша онкүндікті қортындылай келе БАҚ өкілдерімен баспасөз жиыны өтеді.
Айта кету керек өткен он айдың көрсеткіші бойынша қаламызда жаңадан 277 адамнан АИТВ-ы анықталған. Оның 197-і ерлер, қалған 80-і әйелдер. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2272 адам тіркеуде тұр.