Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның қолдауымен өтеді
Осы жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында Астанада өтетін V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО тарапынан қолдауға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы аталған ұйымның сайтында хабарланды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (ДКО) этникалық спорт түрлері бойынша өткізілетін ең ірі халықаралық спорт жарыстары болып табылады. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. ДКО адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған. Ол 21 жарыстық спорт түрі бойынша 89 елден 2500-ға жуық қатысушының басын қосады.
Бағдарлама ат спорты, күрес, дәстүрлі садақ ату және интеллектуалды ойындар сияқты 20 негізгі және 10 көрме спорт түрлері бойынша жарыстарды қамтиды. Оған спортшылар ғана емес, мәдениет пен ғылым өкілдері де қатысады деп күтіледі.
Бұл оқиға дәстүрлі ұлттық спорт пен мәдениеттің сақталуы мен дамуында маңызды рөл атқарады, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы мәдени әртүрлілік пен диалогты ілгерілетуге ықпал етеді. Бағдарлама аясында этномәдени мұраны насихаттауға бағытталған ғылыми конференциялар мен мәдени іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған.
ДКО-ны өткізу ЮНЕСКО-ның спорт арқылы денсаулық пен әл-ауқатты жақсартуға бағытталған Fit for Life бастамасын іске асыруға жәрдемдеседі, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраны сақтау мақсаттарына сай келеді. Айта кету керек, ДКО қазірдің өзінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Іс-шара аясында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі спорттағы әйелдердің рөлі тақырыбында жоғары деңгейдегі халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырады. Бұл іс-шара спорттағы гендерлік теңдік пен инклюзияның маңыздылығын баса көрсете отырып, жарыстардың мәдени және ғылыми бағдарламасының маңызды бөлігіне айналады.