7 Қазан 2026, 11:08 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Дүниежүзілік Ислам Лигасы: Дін атын жамылған қақтығыстарға жол бермеу керек

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтіп жатыр. Жиында діндердің бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі, өркениеттер арасындағы диалог және адамзаттың ортақ құндылықтары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында сөз алған Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман Абдуллаһ әл-Заидтың айтуынша, адамзаттың барлық діндері мен көктен түскен шариғаттары алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – адамның табиғи таза болмысын сақтау. Оның негізінде тазалық, мейірім мен толеранттылық жатыр.

Адамдар арасындағы табиғи айырмашылықты қақтығыстың отынына, дұшпандықтың себебіне және өшпенділікті қоздырудың құралына айналдыруға ұмтылатын түрлі қақтығыс теориялары мен өркениеттер қақтығысы тұжырымдамаларына қарсы тұру қажет, – деді ол.

Дүниежүзілік Ислам Лигасы өкілінің сөзінше, діндердің өзегі мен негізгі мақсаттары ешқашан қақтығысқа немесе соғысқа шақырмаған. Егер дін атын жамылып қандай да бір келеңсіз әрекет жасалса, оның жауапкершілігі дін ілімін білмеген, оны дұрыс түсінбеген немесе оның мейірім, әділет пен бейбітшілікке негізделген мақсатынан тыс пайдаланған жекелеген ізбасарларына тиесілі.

Ол кез келген қате әрекет үшін оны жасаған адам жауап беретінін атап өтті.

Құранда: «Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік», – делінген, – деді Абдулрахман Абдуллаһ әл-Заид.

Оның айтуынша, діни, моральдық және адамзаттық жауапкершілікті сезіну арқылы ортақ өркениеттің жетістіктерін қорғап, адамдар арасындағы қарым-қатынасты толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру қағидаттары негізінде құру қажет.

Адамдар арасында дініне, түсіне немесе ұлтына қарамастан сүйіспеншілік пен ізгілік құндылықтарын таратуымыз керек. Сонда ғана қоғамдарымызда қауіпсіздік пен әл-ауқат орнығып, болашағымызға сеніммен және үмітпен қарай аламыз, – деді ол.

Қазақстандағы Съездің маңызы

Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының орынбасары Қазақстанның халықаралық дінаралық диалогтағы рөліне де тоқталды.

Ол Қазақстанды тарихы мен өркениеті терең мемлекет ретінде атап, елордадағы кездесу Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX Съезіне дайындықтың маңызды кезеңі екенін айтты.

Съез әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы диалогтың жетекші халықаралық платформаларының бірі ретінде өзінің маңызын дәлелдеп келеді. Оның тақырыптары, нәтижелері мен мақсаттары халықаралық қоғамдастықтың назарын аударып отыр, – деді Абдулрахман Абдуллаһ әл-Заид.

Оның сөзінше, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Съез жұмысына тұрақты қатысуы әлемдегі бейбітшілік пен ұлттық қоғамдардағы келісімді нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеуге деген ниетті білдіреді.

Бейбіт қатар өмір сүру тек оған үндеу жасаумен жүзеге аспайды. Ол адамның қадір-қасиетін құрметтеуге, құқықтарын қорғауға, шеттетушілік пен қорқытуға жол бермеуге, діни, этникалық, мәдени және географиялық алуантүрлілігі бар адамзат отбасын қорғауға негізделеді, – деді ол.

«Ортақ құндылықтарды нақты бастамаларға айналдыру керек»

Абдулрахман Абдуллаһ әл-Заидтің айтуынша, адамдар бір-бірін түсініп, құрметтеуге, өзгенің көзқарасын түсінуге ұмтылып, ортақ құндылықтарды іздеуі керек.

Оның пікірінше, осы ортақ негіздер бейбіт қатар өмір сүруді, ынтымақтастықты, мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтатын нақты бастамаларға айналуы қажет.

Дүниежүзілік Ислам Лигасы да осы бағытта жұмыс істеп келеді. Лига әлемнің түрлі елдерінде жүзеге асырып отырған бағдарламалары мен бастамалары арқылы әртүрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері арасында өркениетаралық диалог мәдениетін дамытуға күш салып отыр.

Біздің пайымдауымызша, сындарлы диалог – көзқарастарды жақындастырудың, қақтығыстарды реттеудің, келіспеушіліктерді еңсерудің, сенімді нығайтудың, қорқыныш пен қате түсініктерді жоюдың және барша тараптар арасында өзара құрмет пен ортақ адамзат мүддесіне негізделген ынтымақтастық орнатудың ең тиімді жолы, – деді ол.

Ол Лиганың маңызды бастамаларының бірі ретінде Мекке құжатын атады. Құжат ислам ғалымдары мен ойшылдарының қолдауымен қабылданып, мұсылмандардың әлемдік қарым-қатынастарды діни ілімдердің ізгілік қағидаттары негізінде қайта құруға, адамзаттың игілігі мен бақытына қызмет етуге деген ұмтылысын білдіреді.

Оның айтуынша, бұл құжат татулық пен бейбітшіліктің ортақ құжатына, түрлі дін өкілдері арасындағы байланыстың негізіне және адамзат болашағын қауіпсіздікке қарай бағыттайтын рухани бағдарға айналды.

Мекке құжаты Сауд Арабиясы Корольдігінің Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудтың және тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман бен Абдулазиз Әл Саудтың қолдауына ие болған.

Қақтығыстарды тоқтатуға шақырды

Сөз соңында Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының орынбасары дін атын жамылған қақтығыстарға жол бермеуге шақырды.

Біздің баршаға айтар анық үндеуіміз – дін атын жамылған қақтығыстардың қайта оралуына жол бермеуге берік ниеттіміз. Біз соғыстарды тоқтатуға, мүмкін болатын шешімдерді іздеуге, ақыл мен парасат тілін басшылыққа алуға, мәдениеттер арасындағы бейбіт қатар өмір сүру бағдарламаларын күшейтуге шақырамыз, – деді ол.

Сондай-ақ ол алуантүрлілік пен көптүрлілік мәдениетін орнықтыру, ұлттық бірлікті нығайту және өшпенділікке негізделген, экстремизм мен оған қарсы экстремизмге алып келетін үндеулерді шектеу үшін сындарлы әрі нәтижелі диалог жүргізудің маңызын атап өтті.

Абдулрахман Абдуллаһ әл-Заид Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және оның атынан Съездерді өткізуге қамқорлық жасап отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ерлан Қаринге алғысын білдірді.

Ислам әлемі лигасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездеріне қатысуды жоғары бағалайды және оның ұйымдастырушыларының Лиганың миссиясы мен мақсаттарына көрсетіп отырған назарын ерекше атап өтеді, – деді ол.