Дүниежүзілік гимназиада – 2022: 50 түлек еліміздің университеттерінде тегін оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Енді гимназиядадан жеңіспен оралған 11-сыныптың 50 түлегі еліміздің университеттерінде ҰБТ тапсырмай, тегін оқи алады.

Бұған дейін қазақстандық 234 оқушы алғаш рет Францияда өткен спорт додасына қатысқанын хабарлаған болатынбыз.

Жарыс 14-22 мамыр аралығында Францияның Нормандия қаласында өтті. Жас спортшыларымыз 86 медаль жеңіп алып, еліміз құрамасы ІІІ орын алды. 

Бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларға бағалы сыйлықтар мен білім гранттарын, ал жаттықтырушыларына алғыс хаттар табыс етті. 

Ең алдымен баршаңызды министрліктің атынан тарихи жеңіспен құттықтаймын. Өздеріңізді жақында ғана әуежайға барып, жарысқа шығарып салдық. Сол кезде өздеріңізге сенімді екендеріңізге көзіміз жетіп, жақсы нәтиже көрсететіндеріңізге сенімді болған едік. Осылайша үміт артып шығарып салдық. Енді міне сіздер біздің үмітімізді ақтап, елге оралдыңыздар. Бұл әрине қажырлы еңбектің, ата-аналар мен жаттықтырушылардың қолдауы арқасында жеткен жетістік. Осы ретте мемлекет те барынша қолдау көрсетіп жатыр, - деп айтты министр.

Аймағамбетов Президенттің тапсырмасы бойынша мектеп лигаларын, мектептегі спорт лигаларын дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Президент өзінің халыққа Жолдауында Үкіметке және БҒМ-ге жас дарындарды қолдау бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Яғни Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Білім туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Енді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары, шығармашылық сайыстардың және әлемдік деңгейдегі спорттық додалардың жеңімпаздары ҰБТ тапсырмай, мемлекеттік грант алуға мүмкіндік алып отыр. Биыл мектепті бітіретін 50 спортшы осындай сертификат алады, - деп айтты бас ұстаз.

Яғни биылғы 11-сыныптың 50 түлегі ҰБТ-дан өтпей-ақ, өздерінің қалаған университеттеріне спорттық бағыт бойынша оқуға түседі.

Қазақстандық оқушылар бадминтон, 3х3 баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, спорттық бағдарлау, жүзу, жағажай волейболы, регби, спорттық гимнастика, садақ ату, таеквондо, семсерлесу, көркем гимнастика сияқты 18 спорт түрінен сынға түсті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы