Дүкеннен қымбат күртешені "киіп шыққан" азамат жауапқа тартылды
Ер адам достарымен бірге жүргенде қымбат күртешені "киіп кеткен".
Астанада сыртқы киім бутигінен қымбат күртеше ұрлаған күдіктілер анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордадағы сыртқы киім сататын дүкендерінің бірінде үш ер адам өздерін сатып алушы ретінде таныстырып, сауда залына кірген.
Алдын ала ойластырылған жоспар бойынша олар сатушының назарын басқа жаққа аударып, сол сәтті пайдаланған ер адамдардың бірі қымбат күртешені үстіндегі киімінің астына жасырып алған. Осыдан кейін үш ер адам дүкеннен шығып кеткен. Тауардың жоғалғанын байқаған дүкен иелері дереу полицияға хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы күдіктілер анықталып, ұсталды. Аталған дерек бойынша тұлғалар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып жасаған ұрлық үшін жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада жалған "больничный" парағын жасаған адам сотталды.