Дүкендегі өрттен 22 адам қаза тапты
Мексиканың солтүстік-батысында орналасқан Эрмосильо қаласында қайғылы оқиға болды — жергілікті дүкендердің бірінде шыққан өрт салдарынан 22 адам, оның ішінде төрт бала көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ El Universal газетіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт дүкен кіреберісінде болған жарылыстан кейін тұтанған. Жалын лезде ғимараттың ішін шарпып, көптеген келушілер іште қалып қойған. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына жетіп, жалынды ауыздықтап, оның көрші ғимараттарға таралуының алдын алған.
Тағы 12 адам түрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Сонора штатының билігі оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу бастады. Алдын ала нұсқалар арасында техникалық ақау немесе ғимаратта тез тұтанатын заттардың сақталуы мүмкін деген болжам бар.
Штат губернаторы Альфонсо Дурасо қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Эрмосильо қаласының әкімдігі Қайтыс болғандар күніне арналған мәдени іс-шараларды қайғыға байланысты тоқтатты.