Дүкендегі дүрбелең: 11 адамды пышақтаған күдіктіге терроризм бабы бойынша айып тағылды

АҚШ-тың Мичиган штатындағы Трэверс-Сити қаласында орналасқан Walmart супермаркетінде пышақпен шабуыл жасаған ер адамға терроризм және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша айып тағылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

42 жастағы Брэдфорд Джеймс Гилл сенбі күні дүкенге кіріп, бес ер және алты әйел адамға, оның ішінде дүкен қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған. Жәбірленушілердің барлығы – 21 бен 84 жас аралығындағы азаматтар. Абырой болғанда, олардың бәрі аман қалады деп күтілуде.

Оқиға орнында жергілікті тұрғындардың бірі күдіктіні қарумен тоқтатып, полиция келгенше оның қашып кетуіне жол бермеген. Күдікті шериф көмекшісі келген сәтте қарсылықсыз ұсталды.

Округ шерифі Майкл Шидің айтуынша, шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз. Алайда, тергеушілер бұл оқиғаны қоғамда қорқыныш пен тәртіпсіздік тудыруға бағытталған әрекет деп бағалап, терроризм бабымен айып тақты. Қазір тергеу жүріп жатыр, істі ФБР де бақылауға алған.

Walmart компаниясының өкілі Джо Пеннингтон бұл оқиғаны айыптап, зардап шеккендерге көңіл айтты. Ал Мичиган штатының губернаторы Гретхен Уитмер қоғамды сабыр сақтауға шақырды.

Трэверс-Сити қаласы Детройттан шамамен 410 шақырым солтүстік-батысқа қарай орналасқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы