Дүкен ашқысы келетіндерге мемлекет көмектесетін болды: Қайда бару керек

“Дүкен ашамын” дегендерге мемлекет қолдау көрсетуді бастап кетті. Мұндай көмекті кім және қайдан ала алады? Несиенің жылдық пайызы қанша? Бұл бағдарламаның талаптары қандай? Baq.kz тілшісі шолу жасап көрді.

Бағдарлама қашан басталады?

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 1 қазаннан бастап ішкі сауда субъектілеріне, яғни кәсіп бастап, дүкен ашқысы келетіндерге арналған мемлекеттік қолдау шараларын көрсету басталды.

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 06 сәуірдегі Заңы негізінде Сауда және интеграция министрлігіне сауда қызметі субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыреті берілді. Заңды іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары қабылданды, мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың нақты тетігі мен шарттары айқындалды. Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды.

Көмек не үшін беріледі?

Мемлекеттік қолдау шаралары 2 түрлі тәсіл арқылы көрсетіледі.

Бірінші – несие мөлшерлемесін субсидиялау;

Екіншісі – несиеге кепіл болу.

Мұндай мемлекеттік қолдау шарасы сауда базарларын жаңғыру, сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау үшін, үй жанынан дүкен салу және осы салада IT бағдарламалар жасау үшін беріледі.

Бұл бағдарламаға еліміздегі 3 мегаполис Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сауда субъектілері және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды.

Қанша теңгені неше пайызбен алуға болады?

Сондай-ақ бағдарлама шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін максималды сома – 3 млрд теңге. Ал жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін берілетін максималды сома – 1,5 млрд теңге

Инвестициялық мақсаттарға арналған жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін субсидиялау мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді құрайды. 

Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның «несиеге кепіл болу» тетігін қолдана алады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін – 50% дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85%-ына дейін несиеге кепіл болады.

Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы жүзеге асады. Яғни кәсіп бастағысы келетіндер осы қорға және еліміздегі кез келген екінші деңгейлі банкке жүгінуі керек. 

Несие алғаннан кейін барлық шартты сақтай отырып, пайыздық мөлшерлеменің 10,75%-ын мемлекет субсидиялайды, ал айырманы ішкі сауда субъектісі төлейді.

Яғни банк 18-19 пайызбен несие берсе, мемлекет сол қарыздың 10,75 пайызын субсидия ретінде жауып береді.

Сауда комитетінің мәліметінше, мемлекеттік қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің 20 пайызын отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілердің үлесіне беруі керек. Жалпы ішкі сауда ережесінде көрсетілген «сауда сөресінің 30 пайызы отандық азық-түлік өнімдерін өндушілердің үлесіне берілуі керек» деген міндеттемені қосатын болса, бұл көлем 50 пайызға жетеді. Сондай-ақ қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің тағы 20 пайызын отандық азық-түлік емес өнімдерін өндушілердің үлесіне беруі қажет.

Іішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау - экономикалық белсенділіктің өсуіне, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ сауда инфрақұрылымын дамытуға оң әсер етпек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы