Бүгiн 2026, 07:30 Фото: BAQ.KZ коллажы

Дубовкада 78 млрд теңгеге кокс зауыты салынады: Экологияға қауіп бар ма?

Өнімнің бір бөлігі экспортқа, оның ішінде Қытай нарығына шығарылады

Қарағанды облысының Абай ауданындағы Дубовка кентінде құны 78 млрд теңгеден асатын металлургиялық кокс өндіретін жаңа кәсіпорын салынбақ. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылатынын айтты. Алайда өндіріс орнының экологияға әсері қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

Жоба кімге тиесілі?

Министрліктің ресми жауабына сәйкес, жобаны «Kazakhstan Success Coking Energy» ЖШС жүзеге асырады. Кәсіпорын екі кезеңмен іске қосылады:

І кезең – жылына 500 мың тонна өнім;

ІІ кезең – жылына 1 млн тонна толық қуат.

Зауытты 2029–2031 жылдары пайдалануға беру жоспарланған.

Өндірілген кокс қайда жіберіледі?

Өндірілетін металлургиялық кокс ең алдымен Қазақстандағы металлургия және ферроқорытпа кәсіпорындарының қажеттілігіне бағытталады.

Атап айтқанда, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы өндіріс орындары негізгі тұтынушылар ретінде қарастырылып отыр.

Сонымен қатар өнімнің бір бөлігі экспортқа, оның ішінде Қытай нарығына шығарылады, - делінген жауапта.

Экологияға қандай қауіп бар?

Кокс өндірісі ауыр өнеркәсіптің экологияға әсері жоғары салаларының бірі саналады. Әсіресе көмірді өңдеу кезінде атмосфераға түрлі химиялық қосылыстар бөлінуі мүмкін.

Министрлік бұл тәуекелдерді азайту үшін кәсіпорында әлемдік деңгейдегі Heat Recovery + CDQ технологиясы қолданылатынын мәлімдеді.

Бұл технология кокстеу кезінде бөлінетін жылуды қайта пайдалануға, электр энергиясын өндіруге, атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында құрғақ коксты сөндіру жүйесі (CDQ), газдарды тазарту кешені, автоматтандырылған өндірістік басқару және экологиялық мониторинг жүйелері орнатылады,- дейді ведомство.

Ресми дерекке сәйкес, дәстүрлі технологиялармен салыстырғанда SO₂, NOx және қатты бөлшектердің атмосфераға таралуы 70–85%-ға дейін төмендейді.

Ал жоба аясында тұйық су айналымы жүйесі қарастырылған. Яғни өндірістік ағынды сулар сыртқы ортаға шығарылмайды.

Министрлік барлық негізгі өндірістік учаскелер тәулік бойы бақылауда болатынын айтады.

Ведомствоның мәліметінше, жоба бойынша барлық рәсімдер Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүргізіліп жатыр.

Жеке компаниясы ұсынған қызмет туралы өтініш қаралуда. Қоршаған ортаға әсерді бағалау аясын айқындау және  жоспарланып отырған қызмет әсеріне скрининг жүргізу жөніндегі қорытындыны беру күні 2026 жылғы 11.06. болып белгіленген, - деді облыстық экология департаменті. 

Шикізат қайдан алынады?

Кәсіпорынға қажетті көмір толықтай Қарағанды облысындағы «Дубовский» кокстелетін көмір кен орнынан жеткізіледі.

Инвестор бұл кен орнын 2025 жылғы аукцион қорытындысы бойынша иеленген,- дейді министрлік.

Аталған кен орны жобаның негізгі стратегиялық шикізат көзі және металлургиялық кокс өндірісіне қажетті көмірдің 100%-ы осы кен орнынан қамтамасыз етіледі.

Экономикаға қандай пайда әкеледі?

Энергетика министрлігі жаңа жоба Қазақстанның металлургия және көмір-химия салаларын дамытуға, өңірлік индустриялық кластер қалыптастыруға және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтады.

Сондай-ақ құрылыс кезеңінде 500-ден астам уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт толық іске қосылғаннан кейін шамамен 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа МӨЗ-ді салуға дайындық басталғаны хабарланды