Дүбірлі Көшпенділер ойындары туралы ел азаматтары мен шетелдіктер не дейді

Астанада V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты "Ұлы Дала дүбірі" атауымен ұйымдастырылды. Алыс-жақын шетелден келген қонақтар салтанатты шарадағы атмосфера мен алған әсерлерін әлеуметтік желілерде жарыса жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көпшілігі "Көшпенділер ойыны, Париж олимпиадасына қарағанда тамаша деңгейде өтті" десе, енді бірі "Іс-шарада көшпенділердің рухы мен болмысы жоғарғы деңгейде баяндалды" деген таңданыстарын жиі естідік. Бұған қоса, қазақ тілін жетік меңгерген шетелдіктердің көшпенділер ойындарына жоғарғы баға берген бейнероликтері тараған еді. Ашылу салтанатында Президент "Ұлы Дала дүбірі" еліміз үшін тарихи оқиға екенін ерекше атап өтті. Осы ретте еліміздің азаматты "Ұлы Дала дүбірінде" қойылған қойылымдар мен салтанатты шара жайлы ойларын әлеуметтік желіде жарыса жариялап жатқанын көреміз.

Арқа төсіндегі жаһан жұртының жарысы әлем халықтарының таңдайын қақтырды. Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қарақат Әбден өзінің әлеуметтік желісінде «Қазақстан – көшпелі мәдениеттің бесігі» атты жазбасын жариялап ашылу салтанатындағы әсерімен бөлісті.

Қазір Астана төрінде 89 елден келген 2500-ге жуық спортшы жүр. Түркі халықтарын былай қойғанда, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы сынды мемлекеттер де көшпелі жұрттың дәстүрлі ойындарын дәріптейді. Ойлаңызшы, Арқа төсінде жаһан жұрты жарысып жатыр! Киіз туырлықты, ағаш уықты елдің мерейі өскені осы емес пе?! Өзім де "Ұлы дала дүбіріне" барып қайттым. Энергетика, атмосфера сұмдық! Бұған дейін бұл әлемдік сайыс 4 рет өткізілген. Қырғызстан, Түркиядағы ойындармен салыстырғанда, Астанадағы көшпенділер байқауында бірнеше ерекшелік бар. Мәселен, бұл жолы этномәдени контекст заманауи нысандармен астасып, урбандалған ортада ұйымдастырылған екен. Бәрін айт та, бірін айт, басты ұран - "Ұлы дала дүбірі". Қандай ғажап, қандай рухты! - деді Қарақат Әбден.

Дүбірлі додаға келетін қонақтар мен тұрғындарға, спортшыларға барлық жағдай жасалған. Көшпенділер ойындары қарсаңында 20 қонақ үй мен 331 көлік жұмылдырылған. Жарыс кезінде қоғамдық автобустар тоқтамайды. Олар этноауылға барғысы келетін қала қонақтары мен тұрғындарын күн сайын тегін тасымалдайды. Бұл жағдай келушілердің көңілінен шыққан. 

Көпшілік асыға күткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты "Астана Арена" стадионында өтіп жатыр. Екі жылда бір рет өтетін Көшпенділер ойындары да қазақ даласына келіп жетті. Байрақты доданың биылғы ұраны "Ұлы Дала дүбірі" деп аталады. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты спорттың 21 түрінен бақ сынайды. Жарысқа 89 елден 2500-ге жуық адам тіркелген және онда барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Көшпенділер ойындары қарсаңында 20 қонақ үй мен 331 көлік жұмылдырылады. Көлік демекші, жарыс кезінде қоғамдық автобустар тоқтамайды. Олар этноауылға барғысы келетін қала қонақтары мен тұрғындарын күн сайын таңғы 8-ден түнгі 9-ға дейін тегін тасымалдайды. Ол үшін "Астана Арена" стадионы мен EXPO, Бас мешіт аумақтарынан міну керек. Сондай-ақ азаматтар этноауыл, "Қазанат", "Арғымақ" нысандарына өз машиналарымен бара алмайды. Сондықтан елорда тұрғындары өз бағыттарын алдын ала бағамдап алғаны жөн,- деді Есбол Асылбеков.

Әлеуметтік желіде журналистер қауымы да тысқары қалмады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қарап, Қазақстаннан кейін бірыңғай формат қалыптасқандығын жарыса жазды. Ел арасында «Көшпенділер ойыны һәм олимпиада!» ұраны пайда болып, спортшылардың жетістігі мен ойын үрдісі көпшілікті таң қалдырды.

­ “Астана Аренаның” іші көрерменге лық толған. Ашылу салтанаты олимпиадалық старттан кемі жоқ! Көтерілген тематикалар да күшті! Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен ұзын-саны 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ! Көшпенділер ойынының ашылуына Президент Тоқаевпен бірге Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиеевтің, Татарстан басшысы Минниханов пен Түркіменстанның ұлт көсемі Құрбан Бердімұхамедовтердің арнайы келіп қатысқанын көруге болады. Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталған әуелгіде “болашақта бұл олимпиадалық дәрежеге жетеді” деп айтылған. Алайда осыған дейін әр мемлекет өзінше өткізіп келді. Қырғызстан да, Түркия да сөйтті. Бүгінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қарап, Қазақстаннан кейін бірыңғай формат қалыптасады деп ойлаймыз! Президент ДКО-ның ресми ашылғанын мәлімдеді. Абыройлы өтсін! - деді «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы.

«Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты әдірем қалсын» деген пікірлер кеңінен таралып, ұйымдастырушылардың біліктілігі мен таланты ел арасында таныла бастады. Қойылым кезінде жұмыс істеп, күш салғандардың ерен еңбегі тысқары қалмады. Көшпенділердің рухын көрсеткен көк бөрілер мен Томирис патшайымның шығуы барлық дерлік қонақтардың таңданысын тудырды. Сондай-ақ дала шеберлері қару-жарақ пен керемет зергерлік бұйымдардың озық үлгілерін жасағанын көрсетті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатының тек қазақ және ағылшын тілінде өткені қуантты. Театрландырған көрініске тіпті сөз жоқ. Париж Олимпиадасы далада қалды. Көшпелі мәдениет адамзат тарихында өшпес із қалдырғанын, өз заманынан бұрын жаһандық өзгерістер енгізгенін, бес мың жыл бұрын көшпенділер жылқыны қолға үйретіп, атқа міну мәдениетін қалыптастырғанын, дала шеберлері қару-жарақ пен керемет зергерлік бұйымдардың озық үлгілерін жасағанын көрсетіп, жиналған көпшілікті таң қалдырды, - деді «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің журналисі Қуаныш Рахметоллаұлы.

Күні кеше әлеуметтік желілердің бірінде жапондық отбасының таза қазақ тілінде сөйлеп, еліміздің салт-дәстүріне қызғушылық танытқан бейнеролик тарады. Олар Астана қаласындағы Көшпенділер ойыны жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып жатқанын атап өтеді.

Мен жапон қызымын, жолдасым да жапондық. Біз қазақ тілін өз бетімізше Жапонияда үйреніп алдық. Қазақ даласына аяқ басып, көшпенділер ойнына қонаққа келгенімізге қуаныштымыз. Ұлттық ойындарды көріп, танысып жатырмыз. Астана қаласында ұйымдастырылып жатқан дүбірлі дода жоғарғы деңгейде өтіп жатыр, ­- дейді жапондық отбасы.

Видео: Смағұл Жұмаділұлынан алынды

Әлемнің түпкір-түпкірінен келген спортшылардың басқармасы әлеуметтік желілерде жазба жариялап, Көшпенділер ойнына сәттілік тіледі. Канадалықтар Facebook парақшасында ойындарға қатысып жатқанын мақтанышпен жариялады.

­Қуанышты жаңалық! Біздің Канада құрамасы Қазақстанның Астана қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мақтанышпен қатысуда. Біз дәстүрлі спорт пен мәдениеттің осы мерекесіне қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Барлық спортшыларға сәттілік тілейміз, - деді канадалық делегация.

Әлеужелілердің бірінде Францияның баспасөз беттерінде жарияланған мақаланы көзіміз шалды. Мақалада Франциядан қатысатын әкесі мен қызы жайлы, Көшпенділер ойынының ерекшелігі жайлы жазылған.

­Қазақстанның Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына біздің елдің намысын Эрик пен Клара Сотока қорғайды. Әкесі 53 жаста, ал қызы 22 жаста. Екеуі бірге 80-астам мемлекеттің ойыншыларына қарсы ойнайды. Бұл ойынның еркшелігі ешқандай күшті талап етпейді. Ең бастысы, ақылмен шешу қажет. Франция құрамасынан қатысатын Эрик пен Клараға сәттілік тілейміз, - делінген мақалада.

Төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының лғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық қыз-жігіттер 25 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ басына шықты. Жоғарыдағы 25 жүлденің 14-і алтын, 3-еуі күміс және 8-і қола. Бізден кейін тізімде Қырғызстан құрамасы тұр. Көрші елдің спортшылары 14 медаль жеңіп алды және оның 3-еуі алтын. Ал жалпы есептегі алдыңғы үштікке тағы бір көршіміз – Ресей командасы кірді. Олардың еншісінде де 3 алтын бар. Одан кейін, сәйкесінше, Өзбекстан, Франция, Әзірбайжан, Моңғолия, Венгрия, Грузия және Үндістан елдері жайғасты. Яғни медальдық есепке әзірге осы елдің өкілдері ғана кірді. Бүгін кезекті жарыс күні өтеді. Оның аясында көкпар, көкбөрі, тоғызқұмалақ және асық атудан іріктеу бәсекелері жалғасады. Ал қазақ күресі, садақ ату, кураш, аударыспақ, жамбы ату және мас-рестлинг бағыттары бойынша кезекті медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы