Дубайда сынға түсіп жатқан Қазақстан ІІМ әйелдер командасы ер қарсыластарын қапы қалдырды
Дубайда SWAT Challenge халықаралық жарыстары жалғасуда. Оған 100-ден астам елдің арнайы бөліністерінің қызметкерлері қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
"Томирис" әйелдер командасының мүшесі жарыс барысындағы эмоцияларымен бөлісті.
Қазақстан атынан биыл алғаш рет әйел жауынгерлердің командасы қатысуда.
Ол ІІМ жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған "Томирис" құрамасы. Әйелдер барлық сыннан сүрінбей өтіп, ерлермен иық теңестіре, жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Жарыстың үшінші күнінің қорытындысы бойынша олар 50-ден астам қарсыласын басып озды.
Сайыста әйелдер командасы Қазақстаннан бөлек Тайланд пен БАӘ атынан қатысуда.
Біздің команда бірінші рет осындай ауқымды жарыста бақ сынауда. Біз көптеген ерлер командаларын артта қалдырдық. "Томирис", алға! - деді Татьяна Долбышева.
Полиция капитаны Долбышева - 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Полицияда 11 жыл қызмет етеді. Конькимен жүгіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем рекордшысы.
Команданың басқа мүшелерінің де спорттық жетістіктері бар.