Дубайда роботтар тұрғын үй салуда
Қала әкімдігі робототехника көмегімен толықтай тұрғызылатын әлемдегі алғашқы тұрғын үй вилласын салу жоспарын жариялады. Жоба жергілікті тәжірибе мен жаһандық озық технологияларды біріктіруге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ UAEMoments-ке сілтеме жасап.
Бұл бастаманы Дубай муниципалитеті Zacua Ventures, Würth Group, робототехникаға маманданған компаниялар, сондай-ақ жергілікті мердігерлер мен инженерлік ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады. Жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен 25-тен астам технологиялық компания мен ғылыми мекеме тартылған.
Жобаның таныстырылымы Expo City Dubai аумағында Құрылыс инновациясы және зерттеу орталығығының ашылуымен қатар өтті. Бұл орталық болашақ құрылыс материалдары мен жүйелерін, қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, 2033 жылға қарай әлемдік құрылыс технологияларына инвестиция көлемі 30 млрд доллардан асып, жыл сайын 17,5 пайызға өседі. Еңбек күшінің тапшылығы роботтандыру мен жасанды интеллектіні жедел енгізудің басты себебі ретінде аталып отыр.
Ақылды құрылыс саясаты аясында 2030 жылға дейін 70–70 стратегиясы жүзеге асырылады: құрылыстың 70 пайызы зауыттан тыс өндіріс арқылы атқарылып, өндіріс орындарындағы автоматтандыру деңгейі 70 пайызға жетуі тиіс.