Дубайда қазақстандық стартап-жобалар хабының тұсау кесері өтті

Дубайдағы Қазақстан Сауда үйінің павильонында Qaz Steppe Innovation Hub ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Перспективалы отандық стартаптар хабын іске қосу рәсіміне Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты: Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Арики, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары Федерациясының Бас хатшысы - БАӘ Халықаралық сауда палатасының төрағасы Хумаид Мохамед Бен Салем, БАӘ Инвесторлар кеңесінің Бас хатшысы Джамал Саиф Әл Жарван, Дубай сауда палатасының Өңірлік директоры Абдулла Бакер.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, біздің мемлекет цифрлық саланы ынталандыру саясатын ұстанады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық IT-қызметтер экспорты 500 млн долларға жетті. Отандық IT-саланың әлеуетін барынша іске асыру үшін Сауда үйінің павильонында стартап-қоғамдастықтың бастамасы бойынша коворкинг-орталық іске қосылады.

Qaz Steppe Innovation Hub мамандандырылған алаңы қазақстандық IT-қызметтер секторын халықаралық нарықтарға жылжытуға, Қазақстан мен БАӘ іскер топтарының мүдделерін біріктіруге ықпал етеді, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты тиімді дамытуға және біздің IT-компанияларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді министр.

Алаң 15 қазақстандық стартапқа Таяу Шығыс нарығында өз жобаларын таныстыруға және 100 жергілікті және халықаралық компаниялардың өкілдерімен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылауға көмектесті, олардың ішінде EMAAR, Etisalat, Google, Microsoft, Mastercard, L'Oreal, Abu Dhabi Commercial Bank және басқалары бар. Бұдан басқа, қазақстандық кәсіпкерлер БАӘ мемлекеттік органдары мен компанияларының өкілдерімен кездесті.

Qaz Steppe Innovation Hub негізін қалаушылардың бірі Тимур Мәулешовтың пікірінше, БАӘ мен Таяу Шығыс нарығына шығу Қазақстаннан шетелге жоғары технологиялық шешімдер экспортын дамытуға ынталандырады.

Qaz Steppe Innovation Hub президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды ІТ-елге айналдыру жөніндегі алға қойған мақсатын іске асырудың бірегей алаңына айналады. 2021 жылдан бастап қазақстандық стартаптар еліміздің аумағында орналасқан 1 миллиард доллардан астам сомаға инвестиция тартты. Бүгінде БАӘ-де болып жатқан технологиялық бум біздің талантты мамандарымыз бен қызықты стартаптарымыз үшін жаңа перспективалар ашады, - деп есептейді Тимур Мәулешов.

Ол сондай-ақ сандық хаб қазақстандық IT-компанияларға жаңа серіктестер мен инвесторлар іздеуде қолдау алуға бірегей мүмкіндік беретінін хабарлады. Соңғы 5-7 жылда Қазақстанның ІТ-шешімдерді шетелге экспорттау саласындағы әлеуеті шетелдік венчурлік қорлар үшін де, халықаралық бизнес-қоғамдастық өкілдері үшін де айқын болды.

Qaz Steppe Innovation Hub біздің кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсететін болады. Біз жақын болашақта қазақстандық стартаптар БАӘ мен Таяу Шығыс нарығында өздерінің жоғары әлеуетін көрсете алатын қолайлы орта жасаймыз, - деп түйіндеді стартап-қоғамдастық өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы