Дубайда әлемдегі ең ұзын алтын жаяу жүргіншілер жолы ашылады
Жоба Дубайдың туристік орталық және әлемдік алтын саудасының маңызды хабы ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
Дубайдағы Dubai Gold District сауда ауданында 2026 жылдың соңына дейін 24 караттық алтыннан жасалған жаяу жүргіншілер жолын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Emirates 24/7 порталы хабарлады.
Ауданның коммерциялық секторының аға директоры Рашид Әл-Хармудидің айтуынша, нысан алдағы екі айда ашылып, әлемдегі алғашқы әрі ең ұзын алтын жаяу жүргіншілер жолы болмақ.
Жоба Дубайдың туристік орталық және әлемдік алтын саудасының маңызды хабы ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған. Жаңа нысан қала тұрғындары мен туристер үшін тағы бір көрікті орынға айналуы мүмкін.
Сонымен қатар, Dubai Gold District Таяу Шығыстағы ең ірі алтын және зергерлік бұйымдар көрме кеңістігін құруды жоспарлап отыр.
Порталдың мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері аудандағы көтерме алтын саудасымен айналысатын кеңселер саны 20%-ға, ал алтын, зергерлік бұйымдар, асыл тастар мен сәнді сағаттар сататын жаңа дүкендер саны 15%-ға өскен.
Рашид Әл-Хармуди келесі жылы ауданда өкілдіктерін ашатын компаниялар саны тағы 10–20%-ға артуы мүмкін екенін айтты.