ДСМ қызылша ауруының өршу себебін түсіндірді

Астана, baq.kz. Еуропа өңірінде, оның ішінде Қазақстан Республикасымен шекаралас елдерде қызылша ауруының тіркелуі Қазақстанға инфекцияның әкелінуіне және қоздырғыштың циркуляциясының өсуіне алып келді, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты.

90-шы жылдары вакцинациялауды өткізіп алған, егілмеген адамдардың, оның ішінде болашақ аналардың, болуы - еліміздің халқы арасында қызылша сырқаттанушылығының өсуіне алып келді.

Ағымдағы жылы Еуропалық аймақ елдерінде қызылшамен сырқаттану жағдайының асқынуы тіркелді, онда 2018 жылдың 1 қарашасына 70 мыңнан астам қызылша тіркелген. Оның ішінде Украинада (38 мыңнан астам жағдай), Сербияда (5 мыңға жуық жағдай), Францияда (2771), Италия (2599), Ресей (2327), Грузия (1471), Қырғызстан (448) және басқалары. Бұл ретте, қызылшадан 68 өлім жағдайы тіркелді. Еуропада қызылшамен сырқаттанудың өсуін ДДҰ қызылшаға қарсы вакцинацияның аз қамтылуымен байланыстырады.

Қазақстанда 2018 жылғы қарашадан бастап 723 қызылшаның расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 606 (83,8%).

Сырқаттану көбінесе егілмеген балалар арасында тіркеледі – 508 жағдай (70,2%), оның басым бөлігі (60%-дан астамы) егу жасына жетпеу себебінен егілмеген, вакцинациядан бас тартуға байланысты егілмегендер арасында 61 жағдай (12%).

Қазіргі уақытта қызылшаның жоғары тіркелуі Астана қаласында – 571 жағдай, Алматы қаласында – 48 жағдай, Ақмола облысында – 36 жағдай байқалады; басқа облыстарда аурудың бірлі-жарым жағдайлары тіркеледі.

Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі егілмеген және қызылшаға қарсы егілгендігі туралы деректер жоқ 1539 адам егілді.

Қызылша - дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы және бөртпемен сипатталатын вирустық табиғатты жіті жұқпалы ауру.

Қызылшаның алғашқы белгілері: жалпы әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы, жарықтан қорқу, көздің қызаруы, жас ағу (конъюнктивит), жөтел;

Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.

Қызылшадан жалғыз тиімді қорғау вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген (ҚҚП) қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады. Елімізде ҚҚП-ның жеткілікті көлемі бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы