ДСМ: Тұмау жұқтырғандардың 50%-ы – балалар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырушылар саны көбейген.
Қазіргі уақытта республикада тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың кезеңдік жыл сайынғы өсуі байқалады. Ол жыл сайын қаңтар-ақпан айларына келетін. Ал эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін тұмауға қарсы 2,7 млн-нан астам адам егілді, - деп атап өтті министр.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, бұл республика халқының 14%-ын құрайды.
Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша А тұмауы вирусының айналымы байқалады. Лабораториялық деңгейде барлығы 500-ден астам тұмау жағдайы анықталды. 2019 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда сырқаттану 1,2 есеге өсті. Соңғы аптада сырқаттанудың жоғары деңгейі сақталып, балалар арасында 13%-ға артқан, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар еліміздің бас дәрігері дәстүрлі оқыту жағдайында балалардың коронавирус және ЖРВИ-мен сырқаттанушылығының жоғары қаупі сақталатынын ескертті.
ЖРВИ-мен ауырғандардың 50%-ға жуығы балалар екенін ескере отырып, аумақтардың әкімдері тәрбие және білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралардың сақталуына және уақтылы медициналық көмек көрсетуге назар аударуы қажет. Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шаралары коронавирустың профилактикасына ұқсас және өзекті, - деді министр.