3 Қараша 2026, 11:33 Фото: depositphotos.com

ДСМ: Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмек түрін өндіру жоспарланып отыр

Қазақстанда жалпы құны 862 млн доллар болатын сегіз инвестициялық жоба аясында 494 түрлі дәрі-дәрмек өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика нарығының көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жеткен. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 31 пайызға өскен.

Сонымен қатар отандық өндіріс көлемі 37 пайызға артты. Биыл да оң динамика сақталып отыр. 2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары. Соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция көлемі 3,3 есе, ал экспорт 1,9 есе өсті. Отандық өнімді негізгі импорттаушы елдер – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Молдова, – деді ведомство басшысы.

Министр 2025 жылы қазақстандық «Химфарм» компаниясы еуропалық GMP сапа сертификатын алып, Еуропалық одақ нарығына шығуға мүмкіндік алғанын атап өтті. 2026 жылдың қыркүйегінде компания Болгарияға қант диабетін емдеуге арналған препараттың алғашқы партиясын жөнелткен.

Отандық өндірісті одан әрі дамыту және инвестиция тарту мақсатында министрлік жалпы сомасы 862 млн АҚШ долларын құрайтын сегіз инвестициялық жоба бойынша келісімдер жасасты. Жобалар аясында 494 түрлі дәрілік зат өндіру және 1 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде алғашқы 300 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін 2027–2030 жылдары бастау жоспарланып отыр, – деді еліміздің бас дәрігері.

Министрдің сөзінше, Қазақстанның фармацевтика саласын дамыту үш бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу, мемлекетаралық сатып алу тетігін енгізу және сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру.

Бұл шаралар қазақстандық дәрі-дәрмектерге сұранысты арттыруға, оларды өткізу нарығын кеңейтуге және елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.