ДСМ халықаралық ұйымдармен өзара әрекетті күшейтеді – Қиясов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов ДДСҰ, ЮНИСЕФ, ЮНФПА, БҰҰДБ және CDC халықаралық ұйымдарының өкілдерімен онлайн кездесті.
Тараптар әріптестіктің перспективалық бағыттарын және Қазақстанда COVID-19 таралуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты талқылады.
Коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату үшін халықаралық ынтымақтастық, өзара әрекет пен қолдаудың маңызы зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан халқына Сovid-19-ға қарсы күресте гуманитарлық және практикалық көмек көрсеткен барлық ұйымға алғыс білдіреміз, - деді Е.Қиясов.
Министр атап өткендей, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нағайтуға мүмкіндік мол. Алайда, өзара әрекетті әлі де дамыту керек.
Біз жұмысты жандандыруға және тараптар үшін өзара тиімді перспективалық бағыттарды бірлесіп айқындауға дайынбыз, - деп толықтырды Е.Қиясов.
Кездесуге қатысушылар ынтымақтастыққа, соның ішінде вакцинопрофилактика мәселелері бойынша және COVID 19 таралуының алдын алу шараларын сақтауға дайын екендіктерін білдірді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторм ханым бүкіл әлемде денсаулық сақтау, әлеуметтік-экономикалық секторда дағдарыс жүріп жатқанын атап өтті. Қазақстан да тыс қалмады.
Біз Үкіметтің үлкен ресурс жұмсап жатқанын білеміз және бағалаймыз, жағдайды жақсарту үшін одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз. Вирусты тек біріккенде ғана тоқтатуға болады, - деді Қазақстандағы БҰҰ өкілі.
ДДСҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Каролин Кларинваль алдағы айларда халықты ақпараттандыруда қоғамдық денсаулық сақтау секторымен өзара іс-қимыл күшейе түсетінін атап өтті.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен Министрліктің қатысушылары мен өкілдерінің назарын өзге де инфекциялардың алдын алу, бақылау шараларын да жалғастыруды, сондай-ақ Ұлттық егу күнтізбесі бойынша балаларды вакцинациялауды қайта бастауға аударды.
ЮНФПА-ның ҚР-дағы өкілі Джулия Валеза гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін және осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуге ниетін білдірді.
Біз халықтың осал топтарымен жұмыс істеуге дайынбыз. Көру немесе есту қабілеті бұзылған адамдар арасында коронавирус инфекциясы туралы ақпарат таратуда министрлікке қолдау көрсетуге әзірміз, - деді Валеза ханым.
Орталық Азиядағы СDС өңірлік директоры Даниэль Сингер індетке дер кезінде ден қою, сондай-ақ зертханалық зерттеулерді нығайту үшін ТЖ бойынша оқу орталығының жұмысын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
АҚШ үкіметі атынан зертханаларды күшейтуге көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, біз пандемиядан кейінгі кезеңде не істейтінімізді және осы жағдайдан қандай тәжірибе жинағанымызды ойлау керек. Осыған байланысты, біз Қазақстанға ұзақ мерзімді жоспар әзірлеуге және жіберілген қателерге баға беруге көмектесуге дайынбыз. Сондай-ақ, біз денсаулық сақтау секторындағы бірқатар жобаларды инвестициялауды жалғастыруға ниеттіміз, - деді СDС өкілі.
ЮСАИД-тің ҚР-дағы өкілі Кристиан Фанг ҚР-дағы CОVID-19-дың алдын алу бойынша бірлескен әріптестіктің, сондай-ақ халықтықтың сақтық шараларын сақтауы өте маңызды екенін атап өтті.
Е.Қиясов қатысушыларды Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы қазіргі жағдаймен таныстырды.
Уақытылы енгізілген қатаң шектеу шараларының арқасында елімізде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақталды, - деді бас санитарлық дәрігер.
Осылайша, министрлік халыққа ПТР тестті қолжетімді етті, дәрі-дәрмек қоры жасалды, науқаспен байланыста болған адамдарға мониторинг жүргізілді, ақпараттық технологиялар енгізілді, халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жандандырылды, тәулік бойы call-орталық қызмет етті, 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана реконструкцияланды, 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді, медициналық ұйымдар ӨЖЖ аппараты (3 264 бірлік) және рентгендік диагностикалық жабдықпен қамтамасыз етілді. Еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында санитарлық-гигиеналық бейіндегі факультеттер қайта ашылды.
2021 жылғы 1 ақпаннан халықты кезең-кезеңмен КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. 15 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірген «Спутник V» вакцинасы тіркелді. Биыл сәуір айында отандық инактивтендірілген QAZCOVID-IN вакцинасын пайдалану жоспарланып отыр. Сонымен қатар, вакцина алғандардың тұрақты есебін жүргізу үшін халықаралық жүйелермен интеграциялауға болатын вакцинациялаудың электрондық паспорты әзірленіп, енгізіледі.