ДСМ дәрі-дәрмектің бағасын түсірудің жаңа жолын тапты

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда ТМККК, МӘМС шеңберінде ем алатын пациенттерді қамтамасыз ету үшін және дәріханалардың бөлшек сауда желісінде сатылатын препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейтін дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігі жұмыс істейтін болады.

Дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету құралдарының бірі бұрын дәрі-дәрмектің құнына енгізілген қосымша шығыстарды алып тастау болады: маркетинг (30%-ға дейін), көлік (15%-ға дейін) және сапаны бағалау шығындары. Үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарау нәтижесінде оларды қолдану шегі айтарлықтай төмендеді, - деді вице-министр.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде олар 20%-ға дейін, көтерме сату үшін – 25%-ға дейін, ал бөлшек сауда үшін - 30%-ға дейін (бұрын 55%-бен салыстырғанда) түсті.

Реттеу, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларының жаңа редакциясында генериктерге бағаны бастапқы дәрілік зат бағасынан 30 %-ға төмендету көзделген. Егер бастапқы препарат нарықта болмаған жағдайда, отандық аналогтың шекті құны импортталатын дәрілердің орташа бағасынан аспауы тиіс, - деді Ержан Нұрлыбаев.

Оның айтуынша, мұндай саясат бәсекелестікті ынталандыруға және барлық тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ете отырып, отандық өндірушілер үшін жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заңнамалық бастамалардың негізгі міндеті – дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін тежеуге, нарықтың ашықтығы мен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін баға белгілеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру, - деді вице-министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы