ДСМ: Былтыр 209 адам ағзасын ауыстырды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрліктің қорытынды алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2022 жылы 11 ай ішінде 209 адам ағзасын ауыстырды. Атап айтқанда, 162 бүйрек, 40 бауыр, 4 жүрек, 3 өкпе трансплантациясы жасалған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Елімізде онкологияға шалдыққан науқастарды гамма-пышақ, радионуклидті терапия, томотерапия сынды жоғары мамандандырылған емдеудің қолжетімділігі артып келеді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, биыл Президенттің сайлауалды платформасын іске асыру барысында онкологиялық қызметті кешенді жаңарту қолға алынады. 

Оның аясында қолданыстағы диагностикалық жабдықтарды жаңарту, ядролық медицина орталықтарын ұйымдастыру, шағын инвазивті хирургия мен емдеудің интервенциялық әдістерін дамыту, ісікке қарсы жаңа дәрілік құралдарға қолжетімділікті арттыру, заманауи онкологиялық орталықтарды құру қамтылады. Сондай-ақ онкологиялық пациенттерге арналған мобильдік бригадалар желісін кеңейту, хоспистердің төсек қорын, паллиативті орталықтар мен бөлімшелерді көбейту, ересектер мен балалар онкологиясының жоғары білікті мамандарын дайындау мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету, 17 желілік жылдамдатқыш сатып алу қарастырылады, - деді Ажар Ғиният. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы