9 Шілде 2026, 18:55 Фото: vietjetair.com

Дрондар қаупіне байланысты Астана – Омбы рейстері уақытша тоқтатылды

Ұшу сапарлары 2026 жылдың 9-20 шілдесі аралығында жүзеге асырылмайды.

VietJet Qazqstan әуекомпаниясы Астана – Омбы бағыты бойынша рейстерді орындауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әуекомпанияның мәліметінше, бұл шектеу ұшқышсыз ұшу аппараттарының белсенділігіне байланысты енгізілген. Ұшу сапарлары 2026 жылдың 9-20 шілдесі аралығында жүзеге асырылмайды.

Бұған қоса, аталған бағыт бойынша авиабилеттерді сату 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін тоқтатылды.

Рейстері тоқтатылған жолаушыларға екі нұсқа ұсынылды: билет құнын толық қайтару немесе баламалы маршрут.

Баламалы нұсқаны таңдаған жағдайда, жолаушылар Астанадан Петропавлға дейін ұшақпен жетіп, ары қарай Омбыға дейінгі жолды автобуспен жалғастыра алады. Дәл осындай схема кері бағытта да әрекет етеді.

Шектеулер енгізілгенге дейін VietJet Qazqstan Астана мен Омбы арасында күніне екі рет рейс орындап келген болатын.

Еске сала кетейік, Ресейдегі «Газпромнефть» компаниясына тиесілі ең ірі Омбы мұнай өңдеу зауыты ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған еді. Осы себепті кәсіпорын 6 шілдеден бастап мұнай шикізатын өңдеуді тоқтатты.

Бұған дейін ҚР СІМ Қазақстан аумағынан дрон ұшырылды деген ақпарат жалған екенін мәлімдеді.