Дрондар дәуірі: Зарина Құтпанова Қазақстанда бұл сала қалай дамып жатқанын айтты

Қазақстанда дрон десе - көпшілік тек той түсіруді немесе жарнамалық ролик жасауды елестетеді. Тіпті, кейбірі дрондар тек аспандағы шоу үшін қолданылады деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнінде, ол аспанда қалықтап жүрген "көзің" ғана емес, адамның қолы жетпейтін жерді көретін, мәселені қас-қағым сәтте шешетін аса қуатты құрал. Елімізде осы ұшқышсыз ұшу аппараттарын ғылыми деңгейде зерттеп, оны басқару тәсілдерін үйретіп жүрген жанның бірі – Зарина Құтпанова. Ол - дрон тақырыбын қозғаған еліміздегі алғашқы PhD кандидат.

Astana IT университетінің оқытушысы және Smart City ғылыми қызметкері Зарина Құтпанова El.kz тілшісіне сұхбат беріп, көпшілік үшін қызықты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұрын дронды алып-сатуды ғана білетінбіз...

Мен бұл салаға осыдан 7-8 жыл бұрын келдім. Сол уақытта докторлық диссертациямды да дрон тақырыбына арнадым. Әуелде түрлі бағыттарды зерттеп көрдім, бірақ кейін дрондар саласын тереңірек меңгеруге бел будым. Өйткені оған дейін бұл технология туралы тек сырттай ғана хабарым болатын. Ең алғашқы тәжірибемді Үндістанда жинадым. Одан кейін Түркияға барып, сол жерде дрондар бойынша білімімді одан әрі жетілдірдім. Осылайша, дрондар менің кәсіби жолымның басты бағытына айналды.

Фото: Ахмеди Нарымбай

Негізі ол кездері дрон дегенді көбіне Қытайдан немесе басқа елдерден сатып алып, қайта сатумен шектелетін. Көп жерде тек сауда жағы дамыған, технологиялық тереңдік аз болды. Университетте профессорлардың қасында жүріп, лабораторияларда жұмыс істедім. Бірақ олардың көбі тек аккумуляторын, моторын ауыстырып сататын. Ал мен нақты сол дрондарды құрастырумен, әсіресе басқару жүйесімен айналыстым. Басқару кезінде дрондардың өзіндік алгоритмдері мен бағдарламаларын зерттедім. Бұл тақырып мені қатты қызықтырды.

Солай бірнеше рет Түркияға барып, әр жолы 4-5 апта болып, тәжірибе жинадым. Нақты іс жүзінде дронды қалай қолдану керек, қандай білім мен дағдылар қажет екенін сол жерде үйрендім. Кейін түрлі елдердегі көрмелерге қатысып, студенттерімізді де ертіп жүрдім. Осылайша, біз дрон тақырыбын Қазақстанда да дамыта бастадық.

Мен осы саланы таңдаған, дрондармен кәсіби түрде айналысып жүрген қазақ қыздарының алғашқыларының бірімін. Қазір докторлық диссертациясын дәл осы тақырыпта жазып жүрген қазақ қызы жоқтың қасы. Сол себепті көпшілік мені "дроншы қыз" деп атап кетті. Бұл мен үшін әрі үлкен жауапкершілік, әрі зор мақтаныш.

Фото: Арман Мұхатов

Өндірісте, энергетика мен ауыл шаруашылығында

Қазір көпшілік "дрон" десе тек той түсірілімін немесе шоу үшін әуеге көтеруді елестетеді. Бірақ іс жүзінде дрондар ауқымы әлдеқайда кең. Мысалы, ауыл шаруашылығында да дрондарды қолдануға болады.  Қазір мен шәкірттеріммен бірге қазақстандық жағдайға ыңғайланған, түрлі салалардың сұранысын ескерген дрондарды жасап жатырмын. Басты мақсатым - тек дрон құрастырып қою емес, оны нақты өндірісте, ауыл шаруашылығында, энергетикада немесе төтенше жағдайларда шынайы түрде қалай тиімді пайдалану керегін үйрету. Сонымен қатар осы бағытта мықты мамандар даярлауға да ерекше көңіл бөліп келемін. Себебі кез келген технологияның құны - оның қағазда емес, іс жүзінде жұмыс істеп тұрғанында.

Фото: Ахмеди Нарымбай

Студенттеріміз жасаған жобалардың бірі - егіс алқаптарын бақылайтын дрон. Ол белгілі бір жерді ұшып өтіп, сол жерде қандай өсімдік ауруы барын немесе тыңайтқыш қажет екенін анықтап береді. Сөйтіп сол жерді ғана химикаттармен өңдеуге мүмкіндік жасайды.

Бізде студенттер жасаған күн батареяларын тексеруге арналған дрон жобасы бар. Ол белгілі аумақта ұшып жүріп, қай батарея істемей тұрғанын нақты координатасымен анықтап береді. Содан кейін адам барып, сол жердегі батареяны ауыстырады. Бұл бірнеше гектар жерді жаяу аралауға кететін уақытты үнемдейді. Біз алдымен студенттерімізге дронды қолмен басқаруды үйреттік. Содан кейін оларды өздері бағдарлама құрып, сол арқылы дронды автоматты басқаруға көшірдік.

Қазақстанда қазір дрондарды орман және дала өрттерін сөндіруге, су тасқыны кезіндегі жағдайды бақылауға, жол ережелерінің бұзылуын анықтауға және тағы басқа салаларда кеңінен пайдаланып жатыр.

Шәкірттерімізбен дрондарды тек зертханалық жоба емес, нақты бизнес ретінде де дамытып отырмыз. Әрине, өзіміз де құрастырамыз, шетелден кейбір қажетті бөлшектерді де әкелеміз. Бірақ осы тұсте мынадай сұрақ туындайды: оны кім басқарады? Бізде дронды кәсіби деңгейде игеріп, толық меңгерген мамандар әлі аз. Өйткені бұл сала Қазақстанда енді ғана жүйеленіп, дамып келеді. Сол себепті мен үшін ең бастысы - адамдарға дрон техникасын дұрыс басқаруды үйрету.

Дрон басқаруға деген сұраныс жоғары

Қазір Қазақстанда дрон құрастырып, оны бағдарламалауды үйреніп жүрген студенттер аз емес. Бізде енді дронды Қытайдан тапсырыспен әкеліп жинаумен ғана шектелмей, өзіміз код жазып, бағдарламасын жасап, толыққанды функционалды дрон шығаруға басымдық беріліп отыр.

Шын мәнінде, бұл аса күрделі іс емес - бастысы, үйренуге деген ынта мен қызығушылық қажет. Біздің университетте де бірнеше студенттен құралған топ дрон құрастырып, оны бағдарламалап жатыр. Мысалы, олардың бірі дронды сапалы фото және видео түсіруге бейімдесе, енді бірі сағатына 200–250 км жылдамдықпен ұша алатын құрылғыларды жасап көруде.

Фото: Арман Мұхатов

Ең маңыздысы әркім өзіне қызық бағытты табады: біреуі бағдарламалау жағына ден қойса, біреуі аэродинамикасын жетілдіреді, ал тағы бірі түсірілім сапасын арттырумен айналысады. Осылайша, дрон жасау саласы бізде жан-жақты дамып келеді.

Жақында Астанада KazRoboDrone 2.0 атты республикалық деңгейде үлкен чемпионат өтті. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 553 адам қатысты. Оның ішінде оқушылар, студенттер және мұғалімдер үш санат бойынша сайысты. Бұл чемпионаттың мақсаты - дронды жай ғана ұшырып қою емес, оны бағдарламалау, басқару, арнайы тапсырмаларды орындау арқылы тәжірибе жинау.

Біз қатысушыларға арнайы трасса дайындадық. Соны ең жылдам, ең тапқыр, әрі шебер өтіп шыққандар жеңімпаз атанды. Чемпионатқа еліміздің 14 облысынан келген мықтылар іріктеліп қатысты. Бұл халықаралық деңгейде өтетін жобалардың бірі саналады. Әзірбайжан, Армения, Түркия секілді елдер де қызығушылық танытып, келесі жылы қатысамыз деп ниет білдірді. Бұл жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі сайысқа айналады.

Дрондарды бағдарламалауды білу маңызды

Алда келесі жарысты өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл сайыста біз дрондарды бағдарламалау бағытына басымдық бердік. Алдымызға үш негізгі мақсат қойдық: біріншісі - дронды бағдарлама арқылы басқаруды үйрету, екіншісі - арнайы тапсырмаға сәйкес бағдарлама жазу, үшіншісі - сол бағдарламаны нақты дронға салып, сынау.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін біз «Verston» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы қадам ретінде мұғалімдерге арналған офлайн курстарды Астанадағы университетіміздің қабырғасында өткіздік.

Фото: Арман Мұхатов

Сабақтардың нәтижесінде әр мұғалім өз оқушысы немесе студентімен бірге арнайы сайысқа қатысты. Яғни, бір командада - мұғалім және ол дайындаған бір студент немесе оқушы болды. Мысалы, 15-16 қыркүйек күндері сондай бірнеше командалар жиналып, берілген тапсырма бойынша дронды бағдарлама арқылы басқарды.

Бұл сайыстың негізгі шарты - дронның жүріп өтетін жолын өздері бағдарлама арқылы жазу. Мәселен, белгілі бір диаметр шеңбердің ішінен дрон дәл екі метр қашықтықта ұшып өтуі тиіс. Мұның бәрін балалар өздері кодтап, бағдарлама құрып шығарды.

Осының арқасында олар болашақта дрондарды өздері бағдарламалап, өз жобаларын толық жүзеге асыра алатындай тәжірибе жинады.

Фото: Арман Мұхатов

Мектеп бағдарламасына енгізу керек

Менің негізгі мақсатым - дрондарға қатысты жан-жақты білім беру. Яғни студенттер тек бір бөлігін емес, дронға байланысты барлығын білсе деймін: конструкциясын қалай жинайды, шассиін қалай құрастырады, рамасын қалай бекітеді, бағдарламасын қалай жазады - бәрін үйренсін. Сөйтіп, олар болашақта нақты өндірістік жобаларға қатыса алатындай деңгейге жетсін деген ниет бар.

Қазір біз әртүрлі сайыстар, хакатондар арқылы жастарды қызықтырып, осы салаға тартудамыз. Мәселен, авариялық жағдайда қандай шешім қабылдау керектігін көрсететін симуляция сияқты жобаларды да жасап жатырмыз. Сонымен қатар дрондарды мектеп бағдарламасына енгізу өте маңызды.Өйткені кезінде біз мектепте оқып жүргенде робототехника дегенді білмейтін едік. Қазірдің өзінде мектептерде дрон бағдарламасы жоқтың қасы. Бірді-екілі жеке үйірмелер ғана бар.

Қазір елімізде дрон құрастыратын жастар қатары көбейіп келеді. Қазақстандық инженерлер де дрон құрастырумен айналысып жүр. Дегенмен, олардың көпшілігі әзірге әскери мақсаттағы жобаларға көбірек көңіл бөлуде. Ал іс жүзінде бұл салада мүмкіндіктер өте кең: су астында жүретін дрондар, құрлықтағы роботтар, танкке ұқсас машиналар - мұның бәрін біздің студенттер өз қолдарымен құрастырып, сынақтан өткізіп жүр. Бұл - сөзсіз үлкен жетістік.

Қазір университетіміз "Skywalker" атты ауыл шаруашылығына арналған дрондар сататын компаниямен тығыз байланыс орнатқан. Екі студентіміз сол жерде тәжірибеден өтуде. Олар далаға шығып, екі метрлік алып дрондарды ұшырып, зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізіп көріп жатыр. Бұл - нағыз практикалық тәжірибе.

Фото: Арман Мұхатов

Қазақстандағы дрон нарығын қалай бағалайсыз?

Бұрын Қазақстанда дрон нарығы жоқтың қасы еді. Осы уақытқа дейін 8 жыл бұрын дрон туралы кімнен сұрарымды білмейтінмін. Картография мен геодезиямен және алып-сатумен айналысатын 4-5 компания болды. Дегенмен, білі-ғылым саласында оқыту үрдісі мүлде болмады. Бірақ соңғы жылдары айтарлықтай серпіліс барын байқадым. Қазір адамдар дронның не үшін керектігін, оны қай салада тиімді қолдануға болатынын түсіне бастады. Егер бұған дейін дрон тек картография мен геодезияда ғана пайдаланылса, бүгінде ол ауыл шаруашылығында, төтенше жағдайларда, тіпті күнделікті тұрмыста да қолданыс таба бастады.

Ал дронды сатып алып, ұшырып үйренумен іс бітпейді. Қазақстанда дронды пайдалану қатаң тәртіпке бағынады. Оны кез келген уақытта, кез келген жерде ұшыра беруге болмайды. Алдымен дронды тіркеп, кей жағдайда арнайы рұқсат немесе тіпті пилот лицензиясын алу қажет. Қала аумағында, стратегиялық нысандар мен әуежайлардың маңында дрон ұшыру үшін жеке келісім керек.

Сондықтан дронды дұрыс пайдалану тек техникалық біліммен шектелмейді - ол құқықтық сауаттылықты да талап етеді. Әйтпесе, дрон мәселені шешудің орнына, керісінше, жаңа проблемаға айналуы мүмкін.

Қазір біз үшін дрондарды ұшыратын арнайы бір орын жетіспейді. Астанада ұшатын жер болмағандықтан қаланың сыртына 30-40 шақырым жерге баруға мәжбүрміз. Егер 1-2 гектар жер берілсе, дроншылар кездесіп, тәжірибе алмасады. Бір-бірінен үйренеді, ең бастысы ешқандай кедергісіз дрон ұшырып, әбден сынақтан өткеруге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мұхатов/Ахмеди Нарымбай
Өзгелердің жаңалығы