Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға қажет құжаттар тізімі қысқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы цифрлық комиссарлармен кезекті кездесуде белгілі болды. 

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев осының алдындағы кездесуде цифрлық комиссарлар тарапынан айтылған ұсыныстардың қаралғанын айтты. 

Атап айтқанда жүргізуші куәлігін ауыстыру туралы онлайн өтініштің және баж салығын төлегені туралы электрондық түбіртектің көшірмесін ұсыну мәселесі мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияда (ВАК) қаралғанын хабарлады.

Біз осы мәселені ВАК-та талқыладық. ІІМ-дегі әріптестер бұл ұсыныспен келісті және 2-тоқсанда бизнес-үдерісті өзгертетінін айтты. Жүргізуші куәлігін ауыстыруға өтінімді онлайн берген азаматқа ХҚКО-дан куәлікті алу кезінде берген өтінімі мен төлеген мемлекеттік баж салығының түбіртегін қағаз нұсқада көрсетудің қажеті жоқ, - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Министр Ішкі істер министрлігі тиісті стандарттарға өзгерістер енгізгеннен кейін ХҚКО-дан жаңа жүргізуші куәлігін алу барысында азаматқа өзінің жеке куәлігін көрсету жеткілікті екенін айтты.

Цифрлық комиссарлармен кездесуде мемлекеттік қызметтерді және ЭЦҚ алу процесін оңтайландыру, электрондық үкімет порталын жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік және т.б. мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Вице-министр қатысушыларға пайдалы фидбэк үшін алғысын білдірді.

Кездесу барысында Олжас Әбішев 5 түрлі анықтаманың жойылатынын жеткізді. Олар  психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы ұйымдардан сұралатын және көлік құралын басқаруға рұқсат беру, алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту туралы анықтама.

Осы анықтамаларды сұрататын бірқатар мемлекеттік орган қажет ақпаратты автоматты режимде алу үшін өз жүйелерінде тиісті жұмыстарды жүргізгеннен кейін, бұл анықтамалар жойылады. Аталған жұмысты биылға жоспарлап қойдық, - деді Әбішев.

Вице-министр мұнымен қоса, 083/У және 086/У анықтамалары бірінші жартыжылдықтың соңына дейін электрондық форматқа көшірілетінін хабарлады. Ендігі жерде азамат аталған анықтамаларды eGov порталы арқылы алады және анықтамада азаматтың бір жыл ішінде өткен медициналық тексерулерінің нәтижелері көрсетіледі.

Цифрлық комиссарлар тарапынан айтылған барлық ескертулер мен ұсыныстар кездесу хаттамасына енгізіліп, назарға алынды. Қабылданған шаралардың нәтижелері туралы Асқар Жұмағалиев келесі кездесуде айтып беруге уәде етті.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан өткен жылдың қыркүйегінде "Цифрлық комиссарлар" тобы жасақталып, оның құрамына мемлекеттік органдардың цифрлық бастамалары мен мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жұмыстарға қоғамдық мониторинг жүргізетін қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер енгенін естеріңізге салып өтеміз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы