Драматургтерге қаламақы төлеу мәселесі дұрыс шешілмеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды, деп жазды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Құрылғанына енді ғана 2 жылдан асқан Түркістан облысын еліміздің нағыз рухани астанасына айналдыру мақсатында бүгінде қыруар жұмыс атқарылуда. Елбасымыз бен Президентіміздің қолдауымен қаншама рухани, мәдени нысандар бой көтеруде.  Солардың бірі – кесене маңында салынып жатқан  облыстық драма театры. Рас, қазір елімізде театр саласы кенжелеп келеді. Оған себепте де жоқ емес. Бекзат өнер мемлекеттік қолдауды да қажет ететінін жасырмаймыз. Бүгінде Түркістан облысында небәрі екі театр ғана бар. Олар - Түркістан қаласында орналасқан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма мен  Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры. Бірақ, облыстағы 2 театрда гастрольдер мен іссапарларға шығуға автобустар мен микроавтобустар, қойылымға қажетті  заттарды тасымалдайтын жүк көліктері жетіспейді. Бұл аз десеңіз, талантты, ізденімпаз режиссерлардың қатары да жылдан жылға азайып келеді. Бұдан бөлек, театрларға сырттан кәсіби режиссерлар шақырту және авторларға қаламақы төлеу мәселесі әлі күнге дұрыс шешілмеген, - дейді ол. 

Ол  бұл мәселелердің «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында талқыға салынғанын айтты.

Түркістан облысының мәдениетіне бей-жай қарай алмайтын жазушы Мархабат Байғұт ағамыз бастаған кеңес мүшелері де  өз ойларын ортаға салып, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Барлық түйткілдің түйінін қаржыға әкеп тірей беру дұрыс та емес шығар. Бірақ, Түркістан  еліміздің нағыз рухани және  мәдени орталығына айналуы үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланған жөн. Қажетті қаржыларды дер кезінде  бөліп, театрлардағы қызметкерлерге барынша қолдау көрсеткеніміз абзал. Талантты режиссерлар мен авторларды шақырта алатын әлеуетке жетуіміз керек, - деді ол.  

Бейсен Тәжібаев тағы бір түйінді түткіл - театрға көрермен тарту және бала тәрбиесі екенін жеткізді. 

Отырыс барысындағы екінші тақырып  -  «Ұрпақ. Ұждан. Ұнасым». Аты айтып тұрғандай, бұл   тақырыптың да  өзектілігі байқалуда. Әсіресе, бала тәрбиесінде ойланатын дүниелер аз емес. Өзге ұлт өкілдері көптеп білім алатын мектептерде қазақ тілінің оқытылуы, ұлтаралық ынтымақ-бірлікті сақтау, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді мемлекеттік тілде оқыту сынды ұсыныстар хаттамаға тіркелді. Енді аталған маңызды ұсыныстарды елеп-екшеп, тиісті органдарға жолдайтын боламыз.  Ең бастысы осы проблемалардың тиімді шешілуіне тікелей ықпал жасалады, - деп жазды ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы