Досмұхамбетов Паралимпиада жеңімпаздарына тарту жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Токиодағы Паралимпиада ойындарында өнер көрсеткен спортшыларымен кездесті.
Облыс әкімі Паралимпиаданың күміс жүлдегерлері Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатинаға көлік пен 2 бөлмелі пәтер кілтін, 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Паралимпиада жүлдегерлерінің бапкері Жандос Қияновқа 4 миллион теңге берілді.
Бұл – ел спорты үшін тарихи жетістік, қажырлы еңбек пен намыстың, өршіл рухтың жемісі. Ең бастысы, Атырау спортшыларының ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына айрықша тартуы. Сіздер мыңдаған жастарға рух сыйлап, қайсарлықтың мәнін ұғындырдыңыздар, - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, Паралимпиада ойындарының қатысушылары Аманжол Жанбота, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов, Нұрлан Домбаев, Ержан Сәлімгереев пен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.