Досмұхамбетов: Халықтың денсаулығын айыппұлмен түзей алмайсыз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өңірдің экологиялық ахуалына қатысты жиын өтті.
Атап өтерлігі, атмосфералық ауаға тасталатын қалдық өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Өткен жылдың тоғыз айында тасталған қалдық 164, 90 мың тонна болса, биылғы көрсеткіш 115,60 мың тонна.
Жиында бірқатар мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың ұсыныстары тыңдалды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қала халқына қолайлы өмір сүретін жағдай туғызу – бүгінгі күннің басты міндеті екенін алға тартты.
Өңірде өз шешімін күтіп тұрған өзекті экологиялық мәселелер аз емес. Өйткені Атырау облысы мұнай-газ саласы қарқынды дамыған аймақ. Осы ретте мұнай-газ саласындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың атмосфералық ауаға шығарылатын лас шығарындыларын азайту, атмосфераға жағымсыз күкірт, тағы да басқа мұнай қалдықтары иісінің таралуын болдырмау шараларын алу, қала халқына өмір сүретін қолайлы жағдай туғызу - бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі, - деді өңір басшысы.
Мәжілісте Атырау облысы Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов баяндама жасады. Спикердің айтуынша, биыл Атырау қаласының атмосфералық ауа сапасынан 56 сынама алынып, олар бойынша 331 анықтама жүргізілген.
Анықталған заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға, яғни «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» Компаниясына қатысты жинақталған құжаттар Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне жолданды, - деді Әлібек Бекмұхамбетов.
2020 жылдың 1 қарашасында Департамент қызметкерлері экобелсенділермен бірігіп мониторинг жүргізген. Тексеріс барысында «АМӨЗ» ЖШС-нің сарқынды суларды төгу құбырынан «Сасық сай» булану алаңына тасымалдайтын каналға мұнай өнімдері араласқан суларды төгу дерегі анықталды. Аталған дерек «АМӨЗ» ЖШС-нің биологиялық тазарту қондырғысында орын алған ақаулықтарға байланысты, сарқынды судың құрамындағы мұнай өнімдері мен басқа да ластаушы заттар дұрыс тазаланбауы салдарынан орын алған.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «АМӨЗ» басшылығына «Сасық сай» булану алаңының зауытқа қатысты бөлігін қалпына келтіруге жедел кірісуді тапсырды.
Атырауда ауаға жағымсыз күкірт иісінің таралуының негізгі себебінің бірі «Сасық сай» алаңына шығарылып отырған Атырау мұнай өңдеу зауытының кәріздік су тазарту қондырғыларының қалыпты жұмыс істемеуінен екені ешкімге жасырын емес. Кәріздік су құрамында жоғары дәрежеде мұнай қалдықтарының болуы құзырлы органдар тарапынан әлденеше рет анықталып отыр. Бұл жерде айыппұл төлеп құтылу жеткіліксіз, халықтың денсаулығын айыппұлмен түзей алмайсыз, - деп қатаң ескертті өңір басшысы.
Өңірде табиғатты қорғау, қоршаған орта сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаралар да, салада шешімін табуға тиісті өзекті мәселелер де аз емес.
Атмосфералық ауаның тазалығын қамтамасыз ету, тұрғындарға өмір сүретін қолайлы орта туғызу ірі өндіріс көздері көп орналасқан біздің өңір үшін өзекті мәселе болып қала береді. Атқарылатын шаралар жүйелі түрде жүргізілуі және мүмкіндігінше қысқа уақыт мерзімінде жүзеге асырылуы қажет. Өйткені бұл қоғам үшін ең бағалы нәрсе – адам денсаулығымен тығыз байланысты мәселелер, - деп қорытындылады Махамбет Досмұхамбетов.