Досхан Жолжақсыновқа «Отан» ордені табысталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, театр және кино актері Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды.

Салтанатты жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және өнер адамдары қатысты. 


Қырымбек Көшербаев құттықтау сөзінде Жолжақсыновты 70 жасымен және өнерде жүргеніне 50 жыл толуымен құттықтады. 

Құрметті Досхан Қалиұлы, Сіздің сан қырлы шығармашылығыңызды елімізде білмейтін адам жоқ шығар. Қаршадайыңыздан қазақ руханиятына қызмет етіп, елдің есінде, жұрттың санасында мәңгілікке сақталатын рөлдерді сомдадыңыз. Сондықтан сіздің театр сахнасы мен кино экранында шоқтығы биік кейіпкерлерді бейнелеген актерлік шеберлігіңізге, нақышымен ән орындау өнеріңізге тәнті болған өнерсүйер қауым мен қарапайым көрермен өте көп. Кинорежиссер ретінде «Біржан сал», «Құнанбай» секілді кесек дүниелерді түсіріп, ұлттық кинематографиямыздың дамауына сүбелі үлес қостыңыз,- деді Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ҚР Тұңғыш президентінің құттықтау хатын оқып берді. 

Ұзақ жылғы шығармашылық жолыңызда үлкен табыстарға қол жеткіздіңіз. Экранда және сахнада басты кейіпкерлерді сезімталдықпен, асқан шеберлікпен сомдап, көрермендердің ыстық ықыласына бөлендіңіз. Табиғи дарыныңызды отандық және шетелдік режиссерлер мен сыншылар жоғары бағалайды. Алдағы уақытта Тәуелсіз еліміздің мәртебесін биіктетуге және рухани байлығын арттыруға белсенді атсалыса беріңіз. Қолға алған істеріңіздің сәтті жүзеге асуына тілектестігімді білдіремін, – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.


Жұртшылық Сізді майталман актер әрі белгілі кинорежиссер, жан-жақты дарынды өнер қайраткері, белді театр ұжымына жетекшілік еткен білікті басшы, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз ретінде ерекше құрмет тұтады. Соңғы жылдары түсірген аса шоқтықты фильмдеріңіз талғампаз көрерменнің зор ілтипаты мен ыстық ықыласына бөленуде. Алдағы уақытта да халқымызды тың туындыларыңызбен қуанта бересіз деп үміттенемін, – делінген Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауында.

Халық әртісі өз кезегінде алғысын білдіріп, бұл жетістігі үлкен ұжымның арқасы екенін жеткізді. 

Әлемдік тенденцияда кез келген ұлт, нәсіл өзінің төлтумалық тұғырын іздеумен күресіп келеді. Бұл қазіргі ғасырда айқын көрінуде. Бұл жаңа бетбұрыс деп түсінемін. Осы бетбұрыс біздің елде ертерек басталғандай. Өйткені Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғыру», Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Абай туралы ауқымды мақаласы мұның бәрі бізге күш-қуат береді. Бүгінгі жетістігім жанымдағы шығармашылық адамдарының үлесі, үйдегі жарымның, балаларымның үлесі деп білемін,-деді Д. Жолжақсынов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы