«Дос-Мұқасан» тобының 55 жылдығына арналған көркем фильм көрерменге жол тартпақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл қазақ өнеріндегі шоқтығы биік бірегей музыкалық ұжымдардың бірі, атақты «Дос-Мұқасан» тобының құрылғанына – 55 жыл. Топтың атын арқалаған фильм жарты ғасырға жуық тарихы бар алғашқы ансамбльдің құрылу және қалыптасу хикаясын баяндайды.
Бұл – музыка, талант, алғашқы махаббат, сенім мен нағыз достыққа құрылған шынайы жүрекжарды оқиға. Фильмде ғылым мен өнер арасындағы күрделі таңдау, топтың өміршең әндерінің арқасында жетістікке жету жолы сипатталады.
«Дос-Мұқасан» – әртүрлі жастағы аудиторияны өзіне баурап алатын отбасылық кино. Егде жастағы адамдар жастық шақты, сол кездегі әндерді сағынышпен еске алса, жастарға өткен ғасырдың 70-жылдарының лебін сезініп, қазақ «Битлз»-нің қалыптасу тарихымен танысу мүмкіндігі. «Дос-Мұқасанды» атақты «Ливерпуль төрттігімен» салыстыруымыз бекер емес. Себебі батыс аудиториясы үшін Yesterday мен Twist and Shout хиттері қаншалықты маңызды болса, «Той жыры» мен «Сағындым сені» қазақ ән өнерін бағалаушылар үшін соншалықты маңызды.
Үлкен команданың еңбегімен жүзеге асырылған фильмнің музыкалық-дыбыстық әрлеуі көрермен көңілінен шығатыны сөзсіз.
«Дос-Мұқасан» – Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша Aray Media Group студиясы түсірген өмірбаяндық көркем фильм. Музыкалық драманың продюсері – Айгүл Байбек, режиссері – Айдын Сахаман. Түсірілім жұмыстары 2021 жылы сәтті аяқталды. Аталмыш картина қазақстандық көрерменге осы күзде барлық кинотеатрдан көрсетіледі. Фильм қазір бірқатар фестивальға қатысып, көптеген кино өнерін бағалаушы тарапынан оң бағаға ие болып үлгерді.
Актерлік құрам портреттік ұқсастық бойынша таңдалды. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков секілді дарынды актерлер сомдады. Сондай-ақ бұл фильм Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи сияқты танымал блогерлер мен вайнерлерге кино әлеміне жол ашты. «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблінің негізін қалаған Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайынов түсірілім барысында кеңесші болды.
Бұл кинотуынды ешкімді бейжай қалдырмайды, көріп отырып, қосылып ән шырқамасаңыздар да, аты аңызға айналған музыканттардың қиындықтары мен қызықтарына ортақтасып кететіндеріңіз сөзсіз, – дейді фильмді түсірушілер.
Фильм көңілдеріңізден шығып, отандық кинематографтың алтын қорынан өз орнын табады деп сенеміз.
Көркем фильм Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілді.