Допинг дауы. Қазақстандық спортшы Рио Олимпиадасының алтынынан айырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан құрамасының намысын қорғаған ауыр атлет Нижат Рахимов Рио Олимпиадасының алтын медалінен айырылды. Сондай-ақ спортшы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін спорттан 8 жылға шеттетілген деп жазады РИА-Новости.
Рахимов – 77 келіге дейінгі салмақтағы 2016 жылғы олимпиада чемпионы. Спорттық арбитраж соты (CAS) таратқан мәліметке сәйкес, ауыр атлеттің 2016 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 18 қаңтар аралығындағы барлық нәтижелері жойылады.
2021 жылы қаңтар айында Халықаралық тестілеу агенттігін (ІТА) спортшыны допингке қарсы ережелерді бұзды деп айыптаған болатын.
Сот арбитрі қазақстандық спортшыны төрт несеп үлгісін ауыстырғаны үшін кінәлі деп таныған. Бұл Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) допингке қарсы ережелерін бұзу болып саналады.
Нижат Рахимов 1993 жылы Бакуда дүниеге келген. 2010 жылы Сингапурда өткен жасөспірімдердің жазғы Олимпиада ойындарында Әзірбайжан құрамасында жеңімпаз атанды. 2013 жылы Перуде юниорлық әлем чемпионатында екінші орынды иеленді. Сол жылы допинг қолданғаны үшін екі жылға спорттан шеттетілді.
2014 жылы Рахимов Қазақстан құрамасының намысын қорғау үшін ел азаматтығын алды.