Доп тиіп жарақат алған жанкүйер мен «Ақтөбе» клубы татуласты
Матч кезінде жарақат алған аруға Луиш Нани арнайы сыйлық табыстады. Кейін жанкүйер клубпен арадағы дауға нүкте қойылғанын мәлімдеді.
«Ақтөбе» футбол клубы матч кезінде жарақат алған жанкүйер Аянай Елтоқовамен өзара келісімге келді.
Бұл мәселеде клубтың жұлдызды ойыншысы Луиш Нанидің де рөлі болғаны айтылды. Португалиялық футболшы жанкүйерге жеке қолтаңбасы қойылған «Ақтөбе» клубының жейдесін және қауіпсіз секторға арналған екі маусымдық абонемент табыстаған.
Клуб тарапынан өзге өтемақы берілген-берілмегені нақты айтылмады.
Осылайша, екі тарап та өзара түсіністік танытып, келісімге келді. «Ақтөбе» футбол клубы өз стадионында өтетін матчтардың ұйымдастырушысы ретінде жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді, – деп мәлімдеді клуб өкілдері.
Ал Аянай Елтоқова әлеуметтік желідегі парақшасында мәселенің шешілгенін меңзеді.
Мен қауіпсіздік пен құрмет үшін күрестім – және соған қол жеткіздім. Батылдығым мен өзімді бағалауым нәтиже берді. Мен қалаған дүниенің бәріне қол жеткіздім. Ал клуб сыйлаған жейде, қолтаңба мен абонемент – бұл біздің матчтарға келуді жалғастырып, клубпен бірге болуымыз үшін жасалған шынайы символикалық сый, – деп жазды жанкүйер.
Еске салайық, өткен аптада «Ақтөбе» мен «Алтай» командалары арасындағы матч кезінде қарсылас команда ойыншысы тепкен доп трибунаға ұшып кетіп, Аянай Елтоқованың бетіне тиген болатын.
Зардап шеккен қызға медициналық көмек көрсетілген. Кейін ол клубтың тек футболка ұсынып, стадионда қорғаныс торларының жоқтығына наразылық білдірген еді.