Донорларға төлем өсе ме? Қаржы министрлігі нақты жауап берді
Өтемақыны 5 есеге арттыру ұсынысы бюджетке салмақ түсіреді, ал жаңа бастамаларға уақытша шектеу қойылған
Қазақстанда қан донорларына төленетін өтемақыны ұлғайту мәселесі әзірге шешімін таппай отыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша донорларға төленетін ақшалай өтемақы мөлшері – 0,25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 1 081 теңге. Ал бұл төлемді 1-1,25 АЕК-ке (4 325-5406 теңге) дейін көтеру, сондай-ақ «Құрметті донор» мәртебесін қайта енгізу қосымша бюджет шығындарын талап етеді.
Бюджетте қанша қаржы қаралған?
2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте қан донорларына өтемақы төлеу үшін жалпы 809,8 млн теңге бөлінген:
- 2026 жыл – 257,8 млн теңге
- 2027 жыл – 274,2 млн теңге
- 2028 жыл – 277,8 млн теңге
Бұл қаражат Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арқылы бөлінеді және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, өтемақыны бірнеше есе арттыру республикалық бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Сонымен қатар, елде жаңа әлеуметтік бастамаларға қаржы бөлуге уақытша шектеу енгізілген.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №792 қаулысына сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін жаңа әлеуметтік шығыстарды қаржыландыруға мораторий жарияланған.
Донорларды қолдау кімнің құзырында?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донорларды қосымша ынталандыру мәселесін жергілікті деңгейде шешуге болады.
Яғни:
- Мәслихаттар – қосымша жеңілдіктер енгізе алады
- Әкімдіктер – ерікті донорлықты дамыту шараларын жүзеге асырады
Қаржы министрлігі мәселені толық жоққа шығармайды. Бірақ қазіргі жағдайда материалдық емес ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылған.
Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.