Кеше 2026, 23:23 Фото: The White House

Дональд Трамп Қытайға қатысты қатаң мәлімдеме жасады

Дональд Трамп басқа елдердің Иранға әскери көмек көрсетуіне қатысты АҚШ-тың қандай шара қолданатын атап өтті.

АҚШ Қытайды Иранға әскери жабдық жеткізді деп "ұстап алса", оған қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп  Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Егер біз оларды (Қытай – ред.) осы әрекет үстінде ұстасақ, 50 пайыздық баж салығын саламыз. Бұл – өте үлкен көрсеткіш, – деді Ақ үй басшысы басқа елдердің Иранға әскери көмек көрсетуіне қатысты АҚШ-тың қандай шара қолданатыны жөніндегі сұраққа жауап беріп.

Бұған дейін Бейжіңде Қытай билігі біржақты тәртіпте баж салығын арттырудың барлық түріне қарсы екенін мәлімдеген. Сондай-ақ сауда соғыстарында жеңімпаз болмайтынын, ал протекционизм тығырыққа тірейтінін бірнеше рет атап өткен.

Қытай СІМ-нің ресми өкілі Мао Нин жақында Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың тезірек қалпына келуіне үміт білдірді.

Мүдделі тараптар бейбіт реттеу мүмкіндігін пайдаланып, келіспеушіліктерді диалог пен кеңес арқылы шешіп, Парсы шығанағы мен Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты тезірек қалпына келтіруге ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Мао Нин.

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер 11 сәуірде Исламабад қаласында өтті. 21 сағатқа созылған келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ортақ келісімге келе алмады.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, америкалық делегацияны басқарған, Вашингтон Тегеранға "соңғы әрі ең тиімді ұсынысын" жасағанын айтты. Алайда оның сөзінше, Иран ұсынылған "жеткілікті икемді" шарттарды қабылдаудан бас тартқан.